Батыс Қазақстан облысының Сырым ауданында жалғыз баспанасы апатты деп танылған 72 отбасы жаңа пәтерлерге ие болды. Жымпиты ауылында екі үш қабатты үйді пайдалануға беру рәсімі өтіп, оған облыс әкімі Нариман Төреғалиев қатысты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Биыл жалғыз баспанасы апатты деп танылған азаматтарға коммуналдық тұрғын үй қорынан баспана беру және бөлу тәртібі жаңартылды. Тиісті өкілеттіктер қайтадан жергілікті атқарушы органдарға берілді. Бұған дейін осы санаттағы азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету «Отбасы банк» арқылы жүзеге асырылып келген.

Облыс әкімі апатты үйлерде тұратын тұрғындарды қолдау тетіктерінің кеңеюі осы бағыттағы жұмысты жүйелеуге және оған жаңа серпін беруге мүмкіндік бергенін атап өтті. Жыл соңына дейін кезекте тұрған осы санаттағы азаматтардың 50 пайызын баспанамен қамтамасыз ету жоспарлануда.

«Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бастамашылық еткен халық конституциясында адамның өмір сүру сапасын арттыру мемлекет дамуының басты стратегиялық бағыттарының бірі ретінде айқындалған. Осыған байланысты өңір тұрғындарын баспанамен қамтамасыз ету маңызды міндеттердің бірі. Біз ауылдық жерлерде тұрғын үй құрылысының көлемін ұлғайтуға ерекше көңіл бөлеміз. Жыл басында жалғыз баспанасы апатты деп танылған 600-ге жуық азамат баспана кезегінде тұрды. Олардың бір бөлігі облыс орталығы мен Жаңақала ауданында жаңа пәтерлерге қол жеткізді. Республика күні қарсаңында көптен күткен баспанаға қол жеткізген жаңа қоныс иелерін құттықтаймын! Әр отбасыға бақыт, береке және молшылық тілеймін!» — деді Нариман Төреғалиев.

Айта кетейік, Сырым ауданында баспана алу кезегінде 800-ге жуық азамат тіркелген. Олардың 160-тан астамы жалғыз баспанасы апатты деп танылған азаматтар мәртебесіне ие. Келесі жылы осы санаттағы отбасыларға тағы 36 пәтердің кілті табысталады.