Талғардағы жаңа тұрғын үй кешенінің пәтер иелері тұрмыстық қиындықтарға тап болды: шатыр ағып, бөлмелерде ылғалдық сақталып, қабырғаларда зең пайда болуда, ал кәріз жүйесі жиі бітеліп қалады. Тұрғындардың айтуынша, барлық ақауларды өз қаражаттарына жөндеуге мәжбүр, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

«2024 жылы пәтерді шикі күйінде сатып алып, өзім жөндеу жүргіздім. Алайда осы пәтерді сату барысында көптеген ақаулар анықталды. Кәріз үнемі бітеліп қалады, сондықтан құбырларды өз күшімізбен тазалауға тура келеді», — деді жергілікті тұрғын Казира Касымова.

Кешенде барлығы 400-ге жуық пәтер бар, алайда әр төртінші пәтер Алматы облысы әкімдігіне тиесілі. Аида Тулешеваның отбасы әлеуметтік бағдарлама бойынша тұрғын үй алған — оның қайын сіңлісі II топтағы мүгедек. Оларға пәтер кілтін небәрі екі ай бұрын берген.

«Балконға шығатын есік — өздеріңіз көріп отырғандай, ашылмайды, жабылмайды. Ал әйнек қисық орнатылған, сондықтан саңылаулар көрінеді. Сылақ түсіп, қабырғалар қисық», — деп шағымданды Аида Тулешова.

Мүлік иелері бірлестігі (МИБ) төрағасының айтуынша, мәселелерді шешуге тырысып жатқанмен, үйде қайта-қайта жоспардан тыс жағдайлар туындайды. Кәріз жүйесі жиі бітеліп, тұрғындар оны жөндеуге өздері ақша жинаған. Шатыр да солай — жаңбыр кезінде су үйге кіреді.

«Біз, тұрғындар, өзіміз ақша жинап, кәріз жүйесін қосып, жөндедік. Бірақ заң бойынша, бұл құрылыс салушы кепілдік беруі тиіс. Олар бізде үнемі бітеліп қалатынын біледі. Мен фотосуреттер, бейнежазбалар жібердім. Мынаны істеу керек. Бізде трансформатор бар, оны балансқа қоюды қаладым. Олар бас тартады. «Сіздің есептегіштеріңіз сәйкес келмейді» дейді», — деді МИБ төрағасы Жандос Скакбаев.

Өз кезегінде құрылыс салушы Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы (МСҚБ) ресми түрде анықтаған барлық бұзушылықтарды компания жойғанын мәлімдеді. Сонымен қатар, жалпы үй инженерлік желілері мен трансформатор МИБ-ке техникалық қызмет көрсетуге берілген.

«Үй 2023–2024 жылдары салынған, кепілдік қызмет көрсету — екі жыл. Инженерлік желілер толығымен МИБ басқаруына, МИБ қызмет көрсетуіне берілген. Олар өз қызметі аясында шатырларды, кәрізді, сумен жабдықтауды толық тексеріп, қызмет көрсетуі тиіс, бұл олардың толық құзыреті», — деді компания директорының м.а. Асель Турсынгожа.

Қазіргі таңда құрылыс салушы мен МИБ төрағасы арасында сот талқылауы жүріп жатыр. Компания тұрғындардың ақауларға қатысты ескертулері болса, оларды қарастыруға уәде берді.