Таразда болған өрт салдарынан 10 отбасы баспанасыз қалды — адамдар жақындап келе жатқан қыстан қорқып, шенеуніктерден көмек сұрап отыр, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Барак типтес үй шырпыдай тұтанды. Екі пәтер мен шатырдың бір бөлігі — шамамен 250 шаршы метр толық өртенді. Өртті сөндіруге 30 адам бір жарым сағат бойы күресті.
Енді 30 адам, оның ішінде бес бала көшеде қалды. Біреулері туыстарына кетті, кейбіреулері арнайы орталықтарға орналастырылды, ал тағы біреулері өрт орнының қасында ұйықтайтын орын жасауға мәжбүр болды.
«Біз шатырда тұрып жатырмыз. Туыстары барлар сонда тұрып жатыр. Мұнда қазір ешкім тамақ пісірмейді. Коммуникация жоқ. Мүлдем ешқандай көмек жоқ», — деді Ахметжан Жамалбеков.
Оқиға орнына қала әкімі келіп, өрттен зардап шеккендерге көмектесуге уәде берді, бірақ тек ТЖ департаментінің қорытындысынан кейін ғана.
«Екі күн ішінде тергеу әрекеттері толығымен аяқталып, бізге нәтижелері ұсынылады. Солардың негізінде төлем мөлшерін анықтаймыз. Осы қорытынды қолымызға тимейінше, ешнәрсе істей алмаймыз», — деп түсіндірді қала басшысы Бақытжан Орынбеков.
Оқиға орнында шығынды есептеп, өрттің себептерін анықтап жатқан арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр. Хабарланғандай, өрттен зардап шеккендер бюджеттен біржолғы төлем ала алады — ең көбі 1,3 млн теңге.


