Таразда қылмыскерлер 27 жастағы әйелдің пәтеріне кіреберіс есіктің кілтін тауып кіріп, алтын бұйымдар мен қолма-қол ақшаны алып кетті. Жалпы шығын 17 млн теңгеден асты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Ішкі істер министрлігінің ведомстволық сайты хабарлағандай, полицейлер ірі сомаға жасалған пәтер ұрлығын ашты. «Ақша мен алтын бұйымдардың жоғалғаны туралы арызбен полицияға 27 жастағы жергілікті тұрғын жүгінді. Алдын ала деректерге сәйкес, қылмыскерлер кіреберіс есіктің кілтін тауып, пәтерге кіріп, құнды заттарды иемденген. Жалпы шығын 17 млн теңгеден асты. Жедел іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері екі күдіктіні анықтап, ұстады. Екеуі де уақытша ұстау изоляторына қамалды», — деп хабарлады полицияда.

Ұқсас қылмыс Түркістан облысында да болды: онда қылмыскерлер пластик терезені итеріп ашып, ұрлық жасап, зардап шеккендерге ірі материалдық шығын келтірген. Күдіктілер ұсталып, қамауға алынды.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, жыл басынан бері Қазақстанда ұрлық саны өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 18,4%-ға азайған. Сондай-ақ пәтер ұрлығы 23,3%-ға, мал ұрлығы 6,7%-ға азайды. Сонымен қатар қылмыстың екі түрінің де ашылу деңгейі артты. 10 ай ішінде ел бойынша 9 мыңнан астам адам ұсталып, 1248 қылмыстық топтың әрекеті тоқтатылды.