Жамбыл облысында TikTok-та «Алтын қыз» деген атпен танымал 41 жастағы әйел әлеуметтік желідегі тікелей эфирлерден кейін психикалық денсаулық орталығына жеткізілді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Жамбыл облысы полиция департаменті Instagram-дағы парақшасында Байзақ ауданының тұрғыны тікелей эфирлерде балағат сөздер қолданғаны үшін бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын хабарлады.
«Бірнеше рет ескертулерге, профилактикалық жұмыстарға қарамастан, әйел осындай әрекеттерін жалғастырды, соның ішінде кәмелетке толмаған балаларына қатысты балағат сөздер айтты», — деп атап өтті полицияда.
Полиция қызметкерлері, қорғаншылық органдары және басқа да мүдделі қызметтер осы отбасындағы балалардың тұру және тәрбиелеу жағдайларына тексеру жүргізді. «Жедел жәрдем бригадасының қарауынан кейін Касымова Лайло емделу үшін Жамбыл облыстық психикалық денсаулық орталығына жатқызылды», — деп қосты облыстық ПД.
Полиция мәліметінше, қазір балалар әкесінің қарауында.


