Қазақстанда көптеген пәтер иелері жалдаушыларды уақытша тіркеуден қорқады: біреулері тұрғындардың жылжымайтын мүліктің бір бөлігіне талап қоюы мүмкін деп қауіптенсе, енді біреулері жалдау мерзімі біткен соң адамды тіркеуден шығару қиын болады деп алаңдайды. Алайда «Крыша» порталы атап өткендей, бұл қорқыныштар негізсіз — жалдамалы тұрғын үйде тіркелу пәтерде үлес бермейді және жалдаушыны меншік иесі етпейді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Заңгер Бақыт Қасымбековтің айтуынша, тіркеу меншік құқығына ешқандай қатысы жоқ. Меншік иесі адамды тіркей де алады, кез келген уақытта ешкімнің келісімінсіз тіркеуден шығара да алады. Осылайша, уақытша тіркеуден өткеннің өзінде жалдаушы пәтерде үлес алмайды, ал жылжымайтын мүлікті сату, сыйға тарту немесе кепілге қою құқығы меншік иесінде қалады.
Жалдаушыға тіркеу не үшін қажет? Уақытша тіркеу адамның тұрғылықты жерін растайды және оған қажетті әлеуметтік қызметтерді алуға мүмкіндік береді. Мысалы, ол баланы мектепке немесе балабақшаға орналастыру, сондай-ақ емханаға тіркелу үшін қажет болуы мүмкін. Сонымен қатар, нақты тұрғылықты жері туралы мәліметтер көші-қон, құқық қорғау және салық органдарына қажет.
Егер меншік иесі пәтерді жалға беріп, онда жалдаушылар тұрса, ол олардың тұрғылықты жері бойынша тіркелуін қамтамасыз етуге міндетті. Жалдау кезінде уақытша тіркеу рәсімделеді, ал тұрақты тіркеу бұрынғы мекенжай бойынша сақталады. Уақытша тіркеу бір айдан бір жылға дейінгі мерзімге рәсімделеді. Егер жалдаушы көшіп, жаңа мекенжай бойынша тіркелсе, бұрынғы тіркеу автоматты түрде тоқтатылады. Егер тіркеу мерзімі бітіп, жалдаушы пәтерде тұруын жалғастырса, оны қайта рәсімдеу қажет.
Жалдаушының тіркеусіз тұруы үшін тұрғын үй иесіне де, жалдаушының өзіне де айыппұл салынуы мүмкін. Меншік иесіне айыппұл: 10 айлық есептік көрсеткіш (АЕК), немесе 43 250 теңге; жыл ішінде қайта бұзған жағдайда 20 АЕК, немесе 86 500 теңге. Егер иесі көшіп кеткен жалдаушыны тіркеуден шығармаса, айыппұл 5 АЕК, немесе 21 625 теңге. Жалдаушы үшін мынадай айыппұлдар қарастырылған: 7 АЕК, немесе 30 275 теңге; жыл ішінде қайта бұзған жағдайда 13 АЕК, немесе 56 225 теңге.
Маңызды: Астана мен Алматыда тіркеуге шектеу енгізілді — бір адамға пәтердің жалпы ауданынан кемінде 15 шаршы метр тиесілі болуы керек. Мысалы, ауданы 30 «шаршы» пәтерге жалпы ереже бойынша екі адамды тіркеуге болады. Егер екеуі тіркелген болса, үшінші бөгде адамға бас тартылады.
Жалдаушыны қалай тіркеу керек? Уақытша тіркеу меншік иесінің келісімімен онлайн рәсімделеді. Ол үшін: жалдаушы уақытша тіркеуге өтініш беруі; меншік иесінің ЖСН және тіркеу мерзімін көрсетуі; меншік иесі келісімін растауы; екі тарап өтінішке ЭЦҚ арқылы қол қоюы қажет. Қызмет тегін және әдетте 15 минуттан аспайды. Оны электрондық үкімет порталы, eGov Mobile, банк қосымшалары немесе халыққа қызмет көрсету орталығы (ХҚКО) арқылы рәсімдеуге болады.


