Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Асхат Хасеновпен кездесті. Кездесуде компания басшысы 2026 жылдың он айындағы қызмет нәтижелері туралы есеп берді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Ақорда мәліметінше, «ҚазМұнайГаздың» капитализациясы қазір 22 трлн теңгеге жеткен. Асхат Хасеновтің айтуынша, компанияның қаржылық тұрақтылығы сақталып отыр, бұл жалпы құны 16,7 трлн теңге болатын ауқымды инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Ұлттық компания басшысы Президентті 2026–2030 жылдарға арналған геологиялық барлау жұмыстарының қабылданған бағдарламасымен таныстырды. «23 жобаны жүзеге асыру аясында 60 000 погондық шақырым көлемінде ауқымды сейсмикалық барлау жүргізу және жалпы геологиялық ресурстық әлеуеті 4,7 млрд тонна шартты отын болатын 26 іздеу-барлау ұңғымасын бұрғылау көзделген. Сонымен қатар «ҚазМұнайГаз» қолданыстағы өндіру активтерінде тұрақты қосымша барлау жүргізіп отыр. Атырау облысындағы Батыс Қарасор кен орны мен Маңғыстау облысындағы Қаражанбастың жағалау аймағы өнеркәсіптік игеруге берілді», — делінген хабарламада.

Бұдан бөлек, Асхат Хасенов кен орындарында жасанды интеллект қолданып, «цифрлық егіздерді» енгізу туралы баяндады. Акционерлік қоғам басшысы тауарлық газ өндірісінің көлемін қысқа мерзімде 2,6-дан 4,5 млрд текше метрге дейін ұлғайтуға бағытталған инвестициялық жобалар туралы айтты. Ол қазір Атырау, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында газ нысандарының құрылысы жүріп жатқанын, сондай-ақ қосымша экспорттық бағыттарды дамыту жұмыстарының жалғасып жатқанын атап өтті.

«Есепті кезеңде отандық мұнай өңдеу зауыттарында 14,9 млн тонна мұнай өңделді. Ағымдағы жылдың қорытындысы бойынша ашық мұнай өнімдерін өндіру өткен жылмен салыстырғанда 800 мың тоннаға артады. Шымкент мұнай өңдеу зауытының қуатын 12 млн тоннаға, Павлодар мұнай-химия зауытының қуатын жылына 6-дан 9 млн тоннаға дейін ұлғайту жұмыстары жалғасуда. Ол Атырау облысында полиэтилен өндіру және газ сепарациялау кешенін салу бойынша ірі мұнай-газ-химия жобаларының жүзеге асырылу барысын таныстырды», — деп атап өтті Ақордада.

Кездесуде еліміздің өңірлеріндегі әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға ерекше назар аударылды. «Таза Қазақстан» облыстық экологиялық акциясы аясында жыл басынан бері «ҚазМұнайГаз» қызметкерлері 386 мың ағаш отырғызды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев геологиялық барлау және инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бойынша жүйелі жұмысты жалғастыруды тапсырды.