Түркістан облысында тоғызыншы сынып оқушысы жас жігітті өлтірді деп кінәлі танылып, орташа қауіпсіздік мекемесінде сегіз жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

«Жетінші арна» хабарлағандай, қылмыс биылғы жылдың мамыр айында Түркістан облысының Ленгер қаласында жасалған. Қаңыраған ғимараттан жас жігіттің денесі табылып, көп ұзамай бұл факті бойынша тоғызыншы сынып оқушысы ұсталды.

Тергеу деректеріне сәйкес, қыз қылмысты алдын ала жоспарлап, пышақ сатып алған. Сотталған қыз жігітті кездесуге шақырып, оған бес-алты рет пышақ жарақатын салған, содан кейін денесін өртеген — дене бетінің үштен бір бөлігі күйіп кеткен.

Сот оқушыны кінәлі деп танып, оған сегіз жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Қыз жазасын кәмелетке толмағандарға арналған орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді.

«Қылмыс жасаған күннің алдында сатып алған пышақпен қыз жәбірленушінің кеуде тұсына бірнеше рет соққы жасап, оны оқиға орнында қалдырған. Жәбірленушінің көз жұмғанына көз жеткізген соң, ол дүкеннен сіріңке мен құрылыста қолданылатын тез тұтанғыш сұйықтық — еріткіш сатып алған. Содан кейін қылмыс орнына қайта оралып, марқұмның денесін өртеген», — деді судья Дәурен Мадалиев.