Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның халық жазушысы Валерий Михайловты 80 жасқа толуымен құттықтап, оған арнайы жеделхат жолдады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Мемлекет басшысы мерейтой иесінің табиғи дарыны мен сирек кездесетін еңбекқорлығы оның үлкен әрі табысты шығармашылық жолының негізі болғанын атап өтті. Валерий Михайлов көп жылдар бойы еліміздің беделді басылымдарында жемісті еңбек етіп, «Қазақстанская правда» газеті мен «Простор» журналын басқарды. Президенттің айтуынша, ол жоғары адамгершілік қасиеттері мен берік өмірлік ұстанымдарының арқасында әріптестері мен бүкіл қоғамның шынайы құрметіне бөленді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Валерий Михайловтың шығармалары бірнеше ұрпақ оқырмандарының лайықты қызығушылығына ие болып, еліміздің әдеби мұрасының ажырамас бөлігіне айналғанын да атап өтті.
Сонымен қатар, Президент жазушыны отандық әдебиеттің дамуына қосқан ерекше үлесі үшін «Барыс» орденінің I дәрежесімен марапаттау туралы жарлыққа қол қойды.
Валерий Михайлов — ақын, жазушы, публицист, «Ұлы жұт шежіресі» деректі повесінің авторы.


