Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұстаздар күніне арналған салтанатты шараға қатысушыларды құттықтап, педагогтерді қолдаудың жаңа шаралары, олардың біліктілігін арттыру және мектептерге жасанды интеллектті енгізу туралы айтып берді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Мемлекет басшысы атап өткендей, биыл педагогикалық мамандықтар бойынша мемлекеттік грантты 12 мыңнан астам түлек иеленді. «Алтын белгі» белгісінің 2 мыңнан астам иегері педагогикалық мамандықтар бойынша мемлекеттік грантқа қол жеткізді. Ал ұстаздық жолды таңдаған студенттердің стипендиясы 2,5 есе өсті.
«Жаңа оқу жылының қарсаңында өңірлерде 15 мыңнан астам мұғалім жұмысқа орналастырылды, олардың жартысы — жас мамандар. Бұл мектептерге білімді, жігерлі әрі озық ойлы ұстаздардың жаңа буыны келе жатқанын білдіреді. Тәжірибелі педагогтер өз жолында алғашқы қадамдарын жасап жатқан жас әріптестеріне жан-жақты қолдау көрсетуі керек. Бұл нағыз кәсіби шеберлерді тәрбиелеуге мүмкіндік беріп, кәсіби сабақтастық дәстүрін қалыптастырады. Білім беру саласының кадрлық әлеуетін нығайтуды жалғастыруымыз қажет. Асыра айтпай-ақ, мықты мемлекеттің іргетасы — білікті педагогтер деп айтуға болады. Ал оларды даярлауда жоғары оқу орындарының алатын орны ерекше. Болашақ маманның кәсіби білімі мен дағдысы университет қабырғасында қалыптасады. Ғылыми-білім беру саласындағы халықаралық ынтымақтастықты да жандандыру маңызды. Шетелге жасаған сапарларымда әлемнің жетекші оқу орындарымен серіктестікті нығайтуға үнемі ерекше көңіл бөлемін», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы атап өткендей, жаһандық цифрлық өркениет пен білім экономикасы дәуірінде өмір сүріп, еңбек ететін азаматтар буынын тәрбиелеу — ауқымды міндет.
«Сондықтан менің тапсырмаммен орта білім жүйесіне жасанды интеллектті кезең-кезеңімен енгізу басталды. Жаңа технологиялар сауатты пайдаланылса, педагогикалық қызметті айтарлықтай жеңілдетіп, күнделікті қағазбастылықтан арылтатын сенімді құралға айналады. Мұғалімдердің тәлімгерлікке және оқушылармен тікелей жұмысқа көбірек уақыты болуы тиіс. Бұл бағытта маңызды қадам жасалды. Биыл қыркүйекте Оқу-ағарту министрлігі білім беруде жасанды интеллектті қолдану стандартын бекітті. Озық әдістемелер мен цифрлық платформаларға еліміздің барлық мектебі — мегаполисте ме, әлде шалғай ауылда ма — қол жеткізеді. Іргетасымыз мықты, жұмыс дұрыс бағытта басталды. PISA-2025 халықаралық зерттеуінің нәтижелері көрсеткендей, цифрлық дайындық деңгейі бойынша мектептеріміз ЭЫДҰ-ға мүше мемлекеттердің орташа көрсеткішінен озып тұр. Оқушылардың когнитивтік бейімделу индексі де орташа деңгейден жоғары. Бірақ бұл — тек бастапқы нүкте, өзімізді тыныштандыратын себеп емес. Алда әлі ауқымды жұмыс күтіп тұр. Сондықтан қол жеткен жетістікке тоқмейілсуге әсте болмайды», — деді президент.
Еске салайық, бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев өз резиденциясында өткен салтанатты шараға қатысушыларды Ұстаздар күнімен құттықтады.


