Жапонияда өтіп жатқан Азиада-2026 ойындарында Қазақстанның триатлон құрамасы аралас эстафетада жетінші болып мәреге жетті. Ұлттық команда сапында Диана Ержанова, Егор Крупяков, Аида Ким және Аян Бейсенбаев сынға түсті, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Қазақстандық төрттік қашықтықты 1 сағат 31 минут 45 секундта бағындырып, жеңімпаздардан 5 минут 51 секундқа қалып қойды.
Алтын медальды Қытай құрамасы 1:25:54 нәтижесімен жеңіп алды. Екінші орынды Жапония еншіледі – 1:26:45, қола Гонконг командасына бұйырды – 1:27:25.
Аралас эстафетада төрт қатысушының әрқайсысы өз кезеңін жүзіп өтеді: 300 метр жүзу, 6,6 шақырым веложарыс және 2 шақырым жүгіру. Жарыс жапондық Гамагори қаласында өтті.
Бір күн бұрын Арлан Жанабай ерлер арасындағы жеке триатлонда қола жүлдегер атанып, Қазақстанға Азиада-2026 ойындарындағы алғашқы медалін сыйлады. Ал Диана Ержанова әйелдер жарысында 17-орынға тұрақтады.
Жапониядағы XX жазғы Азия ойындары ресми түрде 19 қыркүйекте ашылды. 45 елдің спортшылары қатысатын жарыстарда 460 медаль жиынтығы сарапқа салынады: 217-сі – ерлер, 204-і – әйелдер, 39-ы – аралас разрядтар арасында. Турнирлер 41 спорт түрінің 68 дисциплинасында өтеді.
Азиада-2026 ойындарында Қазақстан құрамасының намысын 559 спортшы қорғайды. Күні кеше қазақстандықтар төрт алтын медаль жеңіп алған болатын. Ойындар чемпиондары атанғандар: велошабандоздар Рината Султанова мен Алексей Луценко, сондай-ақ каратэшілер Жоламан Бигабыл мен Софья Берульцева.


