Алматыда өткен 30-шы мерейтойлық KIOGE 2026 халықаралық мұнай-газ көрмесі мен конференциясына 58 елден 500-ден астам компания мен 9 мыңнан астам қонақ қатысты. «Теңізшевройл» (ТШО) компаниясы дәстүрлі түрде бас демеуші ретінде танылды. Қазақстан Республикасы энергетика вице-министрі Ерлан Ақбаров мұнай-газ жабдықтарын шығаруды ұлғайтып, оны елде өндіруді дамытуға шақырды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

KIOGE сахнасынан айтылған басты тақырыптардың бірі — Қазақстанда мұнай-газ жабдықтарын өндіруді дамыту болды. Энергетика вице-министрі Ерлан Ақбаров жаңа технологияларды енгізу жергілікті өндіріс пен машина жасауды дамытумен қатар жүруі керектігін атап өтті:

— Жаңа технологияларды енгізумен қатар өндірісті, машина жасауды дамытып, мұнай-газ жабдықтарын шығаруды ұлғайту және оны елімізде өндіруді жергіліктендіру, жергіліктендіру деңгейін арттыру маңызды.

ТШО қызметіндегі бұл бағыт әлдеқашан жүйелі түрде дамып келеді, ал қазақстандық жеткізушілермен жұмыс бірнеше жылға жоспарланған. ТШО жергілікті үлесті дамытудың бесжылдық бағдарламасына қатысады. Оның аясында қазақстандық тауарлар, жұмыстар мен қызметтер үлесін жыл сайын ұлғайту, ұзақ мерзімді келісімшарттар жасасу, жаңа өндірістерді жергіліктендіру және компания басшылығына белгіленген көрсеткіштерге қол жеткізу үшін KPI енгізу қарастырылған.

1993 жылдан 2026 жылдың тамызына дейін ТШО қазақстандық үлеске 53,3 млрд доллардан астам қаржы жұмсады. Осы кезеңде компанияның Қазақстан экономикасына қосқан тікелей қаржылық үлесі 220 млрд долларды құрады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша ТШО-дағы қазақстандық үлес сатып алуларының жалпы көлемі 1 805,9 млрд долларды, ал олардағы ішкі құн үлесі 71%-ды құрады.

Тауарларды сатып алуда қазақстандық үлес 2024 жылғы 7%-дан 2025 жылы 15%-ға өсті. Бұл деректерді ТШО 2026 жылғы 4 қыркүйектегі жарияланымында келтіріп, өсімді өнімді жергіліктендірумен және жергілікті өндірушілермен ынтымақтастықты кеңейтумен байланыстырды.

Айта кету керек, жергілікті үлесті ұлғайту бағдарламасының өзі отандық өндірушілер үшін даму драйверіне айналды: олар жаңа сапалық деңгейге көтерілуге мәжбүр. Жеткізушілер ТШО-ның техникалық талаптарына сай болуы керек. Бұған ТШО-ның жеткізушілерді дамыту бағдарламасы көмектеседі: сала мамандары өндіріс алаңдарына барып, аудит жүргізіп, біліктілік тексереді және кәсіпорындарға халықаралық сертификаттар алуға көмектеседі.

Сонымен қатар ТШО үшін қазақстандық үлесті дамыту отандық жеткізушілердің жұмысымен және компанияда техникалық әрі басшылық лауазымдарды иеленетін мамандарды даярлаумен тығыз байланысты. Бұл туралы KIOGE-де ТШО-ның бас директоры Билли Лакоби айтты.

— Бүгінде ТШО қызметкерлерінің 96%-ы Қазақстан азаматтары, ал басшылық лауазымдардың онынан тоғызын қазақстандық мамандар иеленіп отыр. Біз отандық жеткізушілерді, цифрлық шешімдер мен адами капиталды дамытуға инвестиция салуды жалғастырамыз.

Жалпы алғанда, ТШО қызметкерлерге оқу мен халықаралық тәжірибе алмасу мүмкіндіктерін ұсынады, оның ішінде цифрландыру мен жасанды интеллект саласында даярлауға да жағдай жасайды. 2020 жылдан бері 670-тен астам қазақстандық қызметкер бұрын шетелдік мамандар иеленген маңызды басшылық және техникалық лауазымдарға тағайындалды.