Қытайдың Циндао портында жөндеуде тұрған Ocean Melody жүк кемесінде өрт шықты. Апат салдарынан 25 адам қаза тапты, деп хабарлайды Associated Press Қытайдың мемлекеттік БАҚ-тарына сілтеме жасап, infohub.kz сайтына.
Кеме Қытайдың шығысында орналасқан Циндао портындағы Beihai Shipbuilding Co. кәсіпорнында жөнделіп жатқан. AP мәліметінше, Ocean Melody Либерия туымен жүзеді.
Бортта барлығы 42 адам болған. Олардың он екісін құтқарып үлгерді, тағы бесеуі жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. Олардың жағдайы тұрақты деп бағаланып отыр.
Өрт жергілікті уақытпен шамамен сағат 11:00-де басталып, 14:30 шамасында сөндірілді. Желіде тараған кадрларда жұмысшылардың төтенше қызметтер келгенге дейін өртті өз бетінше ауыздықтауға тырысқаны көрінеді.
ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин апаттық-құтқару жұмыстарын шұғыл ұйымдастыруға және ірі апаттардың алдын алу шараларын қолдануға бұйрық берді. Мемлекеттік кеңес премьері Ли Цян да кемеде қамалып қалуы мүмкін адамдарды құтқаруды тапсырды.
Beihai Shipbuilding мемлекеттік China State Shipbuilding Corporation құрамына кіреді — бұл әлемдегі ең ірі кеме жасау корпорациясы. Компания кемелерді салумен және жөндеумен айналысады.
Бұған дейін «Курсив» Қытайдың оңтүстік-шығысындағы Цзянси провинциясында «Саудель» тайфунынан туған нөсер жаңбырдан пайда болған көшкін бір адамның өмірін қиып, тағы 11 адам із-түзсіз жоғалғанын жазған. Апат 12 тұрғын үйді зақымдады.
Дауыл Фуцзянь провинциясына да әсер етіп, қауіпті аймақтардан шамамен 600 мың адам көшірілді, ал бөгет бұзылып, су тасқынынан кейін 100-ден астам үй қирады.


