Түркістан облысында ауыл шаруашылығын қолдауға арналған мемлекеттік субсидияларды жымқыру туралы қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталды. Бюджетке келтірілген шығынның жалпы сомасы 103 млн теңгені құрады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми Telegram-арнасында мәлім болғандай, тергеуді Агенттіктің Түркістан облысы бойынша департаменті болжамды қылмыстық топқа қатысты жүргізді.
Тергеу нұсқасы бойынша, заңсыз схеманы жүзеге асыру үшін төрт жеке кәсіпкер, сондай-ақ үшінші тұлғаларға формальды түрде тіркелген «Нұр-Келес» ЖШС және «Бимен С.» ЖШС пайдаланылған. Оларды нақты басқару электрондық цифрлық қолтаңбалар, мөрлер және банк шоттарын басқаруға нотариалды сенімхаттар арқылы жүзеге асырылған.
Ведомствоның дерегінше, аталған субъектілерді пайдаланып, ақпараттық жүйелерге ауыл шаруашылығы жануарларын сатып алу және олардың болуы, сондай-ақ селекциялық жұмыстардың жүргізілуі туралы көрінеу жалған мәліметтер енгізілген. Содан кейін субсидия алуға электрондық өтінімдер рәсімделген.
Бюджеттен алынған қаражат қолма-қол ақшаға айналдырылып, схемаға қатысушылар арасында бөлініп, жеке мақсаттарға жұмсалған. Келтірілген шығынның жалпы сомасы 103 млн теңге болды.
«Нәтижесінде адал ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қолдауға және өңірдегі мал шаруашылығын дамытуға арналған бюджет қаражаты мақсатсыз пайдаланылды», — деп атап өтті ҚМА-да.
Соттың санкциясымен күдіктілердің мүлкіне тыйым салынды: екі тұрғын үй, төрт автокөлік, тұрақ орны және жер учаскесі.
Күдіктілердің бірі қамауға алынды, екіншісіне қатысты кепіл түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды.
Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жариялауға жатпайды.


