Түркістан облысында қызметтен тыс уақытта жүрген полиция қызметкері алаяқтық схемасын анықтап, 59 жастағы әйелді 5 млн теңге жоғалтудан сақтап қалды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Ішкі істер министрлігінің ақпараттық медиапорталы мәлімдегендей, полицей Шерхан Қалтұрсын әйелдің банк терминалында күдікті қаржылық операция жасап жатқанын байқап, дереу араласқан.

Алдын ала анықталғандай: белгісіз адамдар әйелге қоңырау шалып, туыстарына пошта арқылы сыйлық жіберілгенін айтқан. Содан кейін телефонға келген кодты сұраған. Әйелдің сенімін пайдаланған алаяқтар оның атына 5 млн теңгеге кредит рәсімдеп, ақшаны көрсетілген шоттарға аударуға көндірген. Қылмыскерлерге сенген әйел олардың нұсқауын орындау үшін банкке барған.

Алайда полицей алаяқтық схемасын дер кезінде танып, әйелге алдау құрбаны болғанын түсіндіріп, ақша аударудың алдын алды.

«Мені естисіз бе? Бұл не болды? Телефонды кімге бердіңіз, түсінбедім?» — деді телефондағы әңгімелесуші.

Полиция қызметкерінің дер кезінде араласуының арқасында 5 млн теңге қылмыскерлердің қолына түспеді, әйел қаржылық шығыннан аман қалды.