Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері Ресей Федерациясының Қарулы күштеріндегі әскери қызмет орнынан өз бетінше кетіп, республиканың мемлекеттік шекарасын заңсыз кесіп өткен шетел азаматын ұстады. Ер адам сот алдында жауап беріп, елден шығарылды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Батыс Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметі мәлімдегендей, Бөкейорда аудандық соты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 392-бабының 1-бөлігі бойынша айыпталған адамға қатысты қылмыстық істі қарады.
Сот анықтағандай, сотталушы шетел азаматы бола тұра, Ресей Федерациясының Қарулы күштерінде әскери қызмет атқарған. 2025 жылдың шілдесінен бастап ол қызмет орнынан өз бетінше кетіп, Ресей Федерациясының құзырлы органдарынан жасырынған.
2026 жылдың мамырында Ресейден кету мақсатында ол картографиялық сервистерді пайдаланып жергілікті жерді зерттеп, Ресей Федерациясының мемлекеттік шекарасын Қазақстан бағытында заңсыз кесіп өту маршрутын әзірледі.
Мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өтуге бағытталған ойын жүзеге асыру үшін сотталушы өз әрекеттерінің қоғамдық қауіптілігін түсіне отырып, Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасы тарапынан қойылған қоршаулар мен шекара белгілерін елемей, белгіленген өткізу пунктінен тыс жерде шекаралық және өзге де бақылау түрлерінен өтпей, Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын заңсыз кесіп өтті.
Мемлекеттік шекараны кесіп өткен соң ер адам Оралға жету мақсатында автомобиль жолына шықты. Одан әрі Оралдан Таразға барып, сол жерден шетелге шықпақ болған, алайда ҚР ҰҚК қызметкерлері оны ұстады.
Сот отырысында сотталушы кінәсін толық мойындап, бұлай істеуге мәжбүр болғанын ескеруді сұрады. Сондай-ақ ол бас бостандығынан айырмауды, Қазақстаннан шығармауды және оған рақымшылық туралы заңды қолдануды өтінді.
Сот сотталушыны кінәлі деп танып, оған 865 мың теңге мөлшерінде айыппұл жазасын тағайындады, оны Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге шығару және Қазақстан Республикасының аумағына кіруге 5 жыл мерзімге тыйым салу белгіленді.
Сонымен қатар сот рақымшылық туралы заңның 1-бабының 1-тармағының 1-тармақшасының негізінде шетел азаматын айыппұл түріндегі негізгі жазадан босатты.
Сот актісі заңды күшіне енді.


