Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Ұлбосын

Шәрипа көпке шейін баласыз жүрді. Бастапқы кезде баласыздықты ескермесе де, 3-4 жыл өмір өтіп, тұрақты қалыпқа түскен соң, бала керексінді. Өзіндей жас әйелдердің бәрі де бала сүйіп отыр, бауырында бесігі отыр. Шәрипаға ол жоқ. "Мұның себебі не?" деп кейде өзіне-өзі сұрау береді де, шешуін тапқан сияқтанады: "Олар бақытты, мен бақытсыз! Бақытты болсам, жөні-басы түзу біреу кездеспес пе еді?" деп ойлайды ішінен.

Кемпірбай молда, зияндас ауыруың бар екен,— деді ішірткі жазып беріп жүрді, оң жақ қолтығына тігетін тұмар да жазып беріп жүрді. Сүйтіп жүргенде, Шәрипаның "бағыты" ашылды ма? Кемпірбай молданың тұмары қабыл болды ма, әлде, Шәрипаның бала көтеретін кезі келді ме, осы Ұлбосын туды. "Ұл орнына ұл болсын" деп, атын Ұлбосын қойды.

Оған биыл тап 18 жыл екен. Зырқырап бара жатқан заман. "Жасты көргеніңде, қартайғаның есіңе түседі" деп шалдар айтқандай, шашы жалбырап күні кеше күл шашып ойнап жүрген Ұлбосын, бой жетті. Шәрипаның өзіндей қызын шырайлы қыз болды. Қызының түріне, тұлғасына қарап отырып, Шәрипа кейде ішінен жымиып күледі: "Бақытты адам кез болар, қалқама",— дейді...

..Аудан осы ауылға орнады. Ауданмен бірге ауылды "тік аяқтар" қаптады. Дорбаларын қолтықтарына қысып алып, жұтынған жас жігіттер кеңсе мен ауылдың арасында шұбыратын болды. Біреулері пәтер іздеп Шәрипаның үйіне де кірді. Оспан бірдеңе айтайын деп күбіжіктеп еді, Шәрипа одан бұрын кірісіп:

— Жалғызбысың, әлде, жамағатың бар ма?— деді.

— Жалғызбын,— деп, жігіт іс тігіп отырған Ұлбосынға қараған сияқтанды. Шәрипаның ашуы келіп:

— Адам кіргізе алмаймыз, шырағым, басқа жерден ізде,— деп жауапты қысқа берді.

Аудан орнаған ауылдың үй басы қонақ болғанда, жалғыз Шәрипа қонақсыз отырды. Шәрипаға мұның теріс деп Оспан да айта алмады. Жалғыз бұл жолы емес, Оспан өміріне Шәрипаның мынауың қисық деп көрген емес. Айтпайын демейді-ау, жасқанады, Шәрипа құлағына маза бермейді, дұрыстығымен тамағын ішкізбейді, мінезі солай Шәрипаның...

Оспанды жасқандырған сияқты, Шәрипа Ұлбосынды да жасқандыруға тырысады. Қанша жақсы көріп отырса да, күле қарап еркелетпейді. Басынып кетер, сөзімді тыңдамай кетер деп ойлап, жоқтан сылтау тауып зекіп, ұрсып тастап отырады. Ұлбосын көп үндемейтін бала, сабырлы, төзімді бала. "Әкесіне тартқан салмақты" деп ауыл аңыз қылады. "Ажарлы бала"— деп ішінен күлімсірейтіндер де бар. Шәрипа айтпақшы, "заманның түзу кезі" болса, қырық жетіні қырыққа матап беріп, әлдеқашан біреудің иемденіп қоятын адамы.

Ұлбосынның басы бос. Әрірек кезде "жастай басын байламаймын" деп бірер сөз салған жерге Шәрипа ыңғай бермеді. Оның бер жағында заман өзгерді: "қалың малдың" берекесі кетті. Жұрттай "жең ұшынан жалғасуға" Оспанның ебі келмеді. "Жетім қыздың қалың малына" Шәрипаны бергісі келмеді. Басқа қыздардай оғаш жүріп, көзге түсіп, біреудің "қолтығына қысылып" кетуді Ұлбосын ойламады. Сосын қыз күйі, бой жеткен күйі Ұлбосын жүрді де қойды.

Ұлбосынның бой жетіп қалғанын Шәрипа биыл сезінген сияқты болды. Қыдыралының қызы Ұлбосыннан бір жарым жас кіші еді. Бір күні Қыдыралының қатыны келіп:

— Шешей-ай, енді қайтем? Әлгі құрғыр кетіп қалып отыр!— деді.

— О кім?

— Әлгі қызы құрғырды айтам...

Қыдыралының қатыны Зейнеп босаң адам ғой. Босаңдығы ма, әлде солай болатындығына бұрыннан бойсұнып қойғандықтан ба, қызының кеткен хабарын ашуланбай, кейімей жай ғана айтып отыр.

— Құрып қал, ұялмай-қызармай айтып отырғаны несі? Түнде кетсе бір сәрі, тал түсте адам тірі боп қызын жібере ме екен? Біреудің жанына байлап жіберетін жан торсық па еді ол? Ондай бетпақтың шашын талдап тұрып жұлмас па?— деп, Шәрипа қызуланып, орнынан қозғалып-қозғалып қойды.

Зейнеп бажырайып Шәрипаның бетіне қарады.

Шәрипа содан былай мықты ойға түсті. "Сол күйі өз басыма келсе, қайтер едім?— деп ойлады. Бәсе қайтер едім деп ойлады. Бәсе қайтер еді? Жанындай сүйген Ұлбосыны тал түсте біреумен кетем деп тұрса, бара жабысар ма еді? Шынымен шашын жұлар ма еді? Жұлмай несі бар? Ата-ананың абыройын аяққа басқан қыздың балалыққа не сәні бар? Ондай қызды тірі жібергенше, өлтіріп жіберу керек!" деген ой елес бергенде, Шәрипа қалтыранып кетті.

Ауыл өмірі күннен-күнге құлпырып, тасыған судай бұлан-талан болып жатты. Бүгін бір түрлі хабар шықса, ертеңіне оған жалғас екінші түрлі хабар шығады. Шәрипаның ойынша сол хабардың бірі бірінен сорақы. Бірақ, ерсі көріп, таңданып, жағасын ұстап отырған адам жоқ. Жұрттың еті өліп кеткен секілді. Солай болатындығын күні бұрын сезіп қойған тәрізі. Көптің бірі Шәрипа болса, осы Шәрипаның өзіне сол өзгерістердің жаттығы жоқ. Құлағы есіткенде, бойы тітіркенбейді, бірақ жаратпайды.

Өзгере-өзгере ауыл танылмастық болып кетті. Бұрын "Шортамбай" ауылы атанушы еді. Аудан келгеннен кейін ол ат өзгеріп "Көктал" атанды. Шортамбайдың тұқымынан 3-4 шаңырақ әлі бар; ана бір ашық ауыз, шикіл сарылар сол Шортамбай тұқымы. Болғанмен не, оларды адамға санап отырған кәзір кім бар? Шортамбай тұқымының ішіндегі жалғыз іске татыры, бас көтергені "ата жолын" қуғаны Ыбыраш еді, оны былтыр "кәмпескелеп" жіберді. Енді келіп ауылдың атын өзгертті. Маңайдағы бірді-екілі қадағандап отырған үйлер көшіп келіп қоныс салды. Ауыл қырық руға айналды. Бұрын үйдің саны жиырмаға жетпейтін болса, енді 60-70-ке барып қалды. Шортамбай қыстауының алдындағы белес алты айғы жаз адамнан босамады; қыбырлап жүрген адам, ағаш тасып, топырақ тасып, үздіксіз жүріп жатқан көлік, ә, дегенше болмады, белес басы қатарланған үймен безенді. Діндей-діндей үйлер, жыбырлаған терезе, сырлап тастаған қаңылтыр. Қараған адам көз ала алмайды:

— Анау не?

— Мектеп!

— Анау не?

— Құлып!

— Анау не?

— Бәлнес...

Толып жатқан үй, толып жатқан аты бар. Біреулер соны білгісі келіп, көрінгеннен сұрап, анықтап жатады. Ондайды көргенде Шәрипаның жыны келіп:

— Білмей қалам дей ме екен? Несін сұрай береді екен?— дейді.

Шәрипа ешкімнен де сұрамады. Білгісі де келмеді. Бірақ салынып жатқан үйлердің аты өзінен-өзі Шәрипаның құлағына сіңіп, таныс бола берді. Орысша аттарға шейін таныс болды. "Рик", "Райком", "Құлып" деген сөздерді Шәрипа үйренгісі келмей жүріп-ақ үйреніп алды. Бұзау қайтарып келе жатып, бір күні бәлнеске де кіріп шықты. Жақын ауылдың аурулары келіп, бықып толып отыр екен. Ақ киім киген жас жігіттер, жас әйелдер жиренбестен сол ауруларды қарап жатыр, дәрі-дәрмек беріп жатыр. Ауруға қарасқанды Шәрипа жақсы көруші еді. Ауылында біреу ауырса, күнде барып соның көңілін сұраушы еді. "Сүзек", "қорасан" сияқты жұқпалы аурулардан басқа жұрт ептеп сақтанғанда, Шәрипа сол аурулардың шылқыма ішінде жүруші еді:

— Талай ауруларды бақтым, өмірімде басым ауырған адам емеспін, бәрі құдайдан да,— дейтін Шәрипа.

— Ауру қарап жатқан дәрігерлер Шәрипаға басқадан гөрі, жылы ұшырады.

Шәрипа кооперативті де көрді. Аудан орнаған соң ашылған кооперативте Ермағамбеттің Мәшені нәрсе сатушы еді. Қатарланып жиналған кездемелерді құшақтап өлшеп жатыр. Ауыл адамдары сығылысып, бірін-бірі итермелеп, кезек тигізетін емес. Шәрипаның көзіне үстіңгі қатарда тұрған қара сиса оттай басылды. Осы сисадан алдыңғы жылы бір көйлек киіп еді. Жібі пысық, жуғанда ширап кететін сияқты еді. Соның жұрнағы жамаумен биылға жетті.

— Ана сисаны әперші, Мәшен,— деді Шәрипа ентелеп келіп.

Мәшен матаны өлшеп жатып, Шәрипаның бетіне қарамастан:

— Член бе едіңіз? Книжкаңыз бар ма?— деді.

Членге беретін товар екенін Шәрипа сонда түсінді. Кооперативке член емес. "Жұрт керегін алып жатыр. Солбырайған сорлы тым болмаса член бол маған екен" деп Шәрипа ішінен Оспанға кейіді. Оспан член болып кіремін дегенде, өзінің кіргізбегенін нақ сол минутте ұмытты.

Ауылдық кеңес ағасы Есіркеп Қаламбаев дейтін жас жігіт еді. Бұрын ауылдық кеңеске хатшы болып істеп жүрді. Сол бір шатаққа ілігіп, орынынан алынып, кеңес ағасына Балжан дейтін әйел сайланды. Шортамбай ауылының әйелі емес, келімсек Жапар дегеннің қатыны. Шәрипа бір жұмыспен Шайқының үйіне барғанда, Балжанды көріп еді. "Еркектен жасқанарымыз жоқ. Қазір "свобода". Үйлессек тұрамыз, үйлеспесек айрыламыз да кетеміз!"— деп тапсынып соғып отыр еді.

Шәрипа ілінісе кетіп:

— Осы еркектерді неден қара басқанын білмеймін, бетімен кеткен әйелдің жөн терісінен таспа алмас па?— деген еді.

— Ол сіздің заманыңыз болар. Еркек бізге оны істесе, басы түрмеде шіриді,— деген Балжан.

Сол Балжан ауылдық кеңеске аға болды деп есіткенде Шәрипа ыршып түсті:

— Болмас, болмас!—деп басын шайқай берді.

..."Құлып істеліп болыпты, комсомолдар ойын қоймақшы екен" деген хабарды Шәрипа еміс-еміс естіп жүрді. Бір күні іңірде Шәрипа қоңыр сиырдың бауырында отыр еді:

— Ойынға барасың ба, Еркежан?— деген Алтынайдың дауысын есітті.

Шәрипаның бойы мұздап кеткен сияқты болды. Алтынай жақын келіні. Жел өкпелігі бар. Құлағына бірдеме тисе, соны жұртқа жайғанша асығады. "Тұра тұр, бәлем, байыңа айтып, жоныңды тілдірермін!" деп ойлады Шәрипа ішінен.

...Ұлбосын мен Алтынайдың аузы жабысты да қалды:

— Қызық болады,— дейді,— шеттен бір өлеңді жігіт келіпті дейді,— деп, Алтынай үсті-үстіне баспалатып, Ұлбосынның сыңайын аударып-ақ алды.

Бұрынғыдай емес, елде ойын кеміді: "шілдехана" сирек болды, "тартыс" таза жоғалды. Бойжеткен қыздар "тойсыз" кетіп қалатын болды. Бір жылдан бері Ұлбосын жөнді ойын-той көрген емес. Барса, көрсе қайтер еді? Бірақ, Шәрипа... Шәрипаның мінезі белгілі, мұндай ойын түгіл, ауыл-үйдің арасындағы кішкене ойындарға да бірсыпыра сөйлеп барып жіберетін.

Үйге арқасын тіреп тұрып, Ұлбосын аз-кем ойға батты. Кеш, ымырт жабылып барады. Мал қотанда. Қараңдап жүрген адам. Біреу сыңқылдап күлді:

— Бұрынды-соңды ұрлығымды көріп пе едің?— деді біреу дауысын шығарып.

Бұл — Зікен дейтін әйел. Байы да өзіндей жас. Бірақ, жүріп-тұруға, ойнап-күлуіне еркін. Зікеннің жанында жарбиып тұрған Қасен болар. Замандас болған соң әзілдесіп, аузына келгендерін айтып жатыр... Ұлбосын неге осындай еркін болмайды? Зікенге қарағанда Ұлбосынның басы бос қой?! Мүмкін Ұлбосынның өзінен де бар шығар. Тым тұйық. Ақылы түзу, сөз білмейді емес, неше түрлі сөз ішінде сайрап тұр. Дәбдірлеп сөйлейтін біреуді көрсе: "Осындай адам сөйлеп қайтеді екен?" деп ішінен кейитіні де бар. Замандасы да жоқ емес, сонау Салық дейтін жігіт түйдей құрдасы. Сұлтан дейтін жігіт бірер жасы үлкен. Екеуі де кешегі бала күнде Ұлбосынмен бірге ойнап өскендер ғой. Бүгін олар жігіт, Ұлбосын қыз. Бірін-бірінен айыратын ортада бір керте бар сықылды. Оларды көргенде Ұлбосын бұрынғыдай жайраңдап, тұра қалып сөйлеспей, ығысып жүріп кетеді. Салық аңқиып, үндемей тұрып қалады. Сұлтан олай емес, соқтықпай, сөз қатпай қалмайды:

— Қырындама, қарындас! Бой жеттім деп бойыңды аулақ салмасаң, бала күнде бірге ойнап-ақ өскен жоқ па едік?— дейді.

Ұлбосын осыған да жауап бермейді. Өзіне салса, жауап беруден, сөйлесуден тартынбайды, бірақ неге екені белгісіз, қаймығады.

— Немене, мелшиіп тұрғаның? Жер ошаққа от жақсайшы,— деп, бір шелек сүтті шайқалтып, Шәрипа ысқырына келді.

Ұлбосын от жағуға кірісті. Шәрипа шақырлатып қазан қырып жатыр. Әлдеқайда, ауылдың шетінде, ызыңдаған дауыс ауылды басына көтеріп барады. Ол — сүт машинаның дауысы. Төрт-бес үйдің ортадан алған машинасы бар. Олар кешке жер ошаққа от жақпайды, сақылдатып сүт пісірмейді. Сауған сүтін машинаға тартып алады да, үйлерінде тыныш отырады. Сол машинаны аларда Оспан да кіріспекші болды. Оспанның істеймін деген жұмысы Шәрипаға шам ғой:

— Ата-бабам малдың ағын сатып күн көрген жоқ. Үйренген кедейшілік, май сатпай-ақ қоям,— деп Шәрипа бет бақтырмаған. Ол кезде Оспанға ерегісіп айтып еді, Шәрипа сонысына осы күні өкінді. Машинаның керек екенін, ділгер екенін сезеді. Бірақ, қате өзінен болған соң, ішінен тынып жүре береді.

Түн қараңғысы қоюланған сайын "құлып" маңындағы жаң-жұң дауыс ұлғая берді. Самсаған терезесінен шам жарығы жұлдыздай болып жарқырады. Шортамбай ауылы мұны өмірде көрем деп ойлады ма екен?

Шәрипа сүт пісіріп отыр. От жалыны бетті шарпиды. Оқта-санда отты бір көсеп қойып, ойы құбылып, өткен өмір көз алдында елес берген сияқтанды.

...Онда заман екінші түрлі ғой. Ауыл мұндай жатақ болуды білмейді. Тап осы кездерде ел сыңсып, Ащы өзектің бойында отырады. Шәрипаның қыз күні, бой жеткен күні. Тап осындай түннің бірінде, жер ошақ басында сүт пісіріп отыр еді. Жақын жеңгесі Рақыш келіп:

— Мен бір қызық айтайын ба?— деді.

— О, неге?—деп Шәрипа ынтыға қалды.

Рақыш күлімсіреп отырып айтса, Шәрипа ыршып түспейді, шошымайды "айта түссе екен!" деп ынтықты.

— Бәріміз де жас болып көрдік. Жастық екі айналып келмейді... ол жақта ойнап-күлгенге не жетсін!— дейді Рақыш.

Шәрипа сөзсіз мойындағандай болып, бір ауыз қарсы сөз айтпады, күле берді...

...Жастықтан болды ма, әлде, ынтасының біреуге ауып кеткендігінен болды ма, Шәрипа осы Оспанды қыз күнінде-ақ жаман жек көрді. Оспан "ұрын көре" барғанда, жеңгелерінің жалынғанына қарамастан, "басым ауырды" деп Шәрипа үйіне кетіп қалған болатын.

...Бірер жылдан кейін Оспан бұратола алуға барды, той болды. Қыздар жиналып, қырық күн шілдеде бөкебай бүркеніп, Шәрипаны ауыл қыдыртып таныстырды. "Тартысқа" бозбала көп жиналып, біреуі "аужар" айтты. Шәрипа "аужарға" елжіреп бір жеңгесімен қосылып, сыңсып ән салды, өлеңмен мұңын айтты:

"Есік алды қара су"— майдан болсын, жар-жар,

Ақ жүзімді көргендей айнам болсын.

"Қайын атасы бар"—дейді еріккендер.

Айналайын әкемдей қайдан болсын.

Ортекемнің шет бауын оя тұрсын,

Той басына ту бие соя тұрсын.

Мен шешеме айтамын әкеме айт деп,

"Мені десе биылша қоя тұрсын!".

Түндігімнің төрт бауы мақта, шеше,

Қызың кетіп барады жоқта шеше,

Он екі айда айналып бір келермін,

Сары інгеннің ботасын сақта, шеше!-,

деп сыңсып еді Шәрипа...

Қыздың мұңына ол кездегі бозбала түсіне ме, оларға қызық керек, тәлкек керек:

"...Есіктің алды құмдақты,

Құмдақты қоян зымдапты.

Атасы басқа, жау жеңге

Отауға салып тыңдапты...".,-

дейді "аужар" айтқан жігіт. Өткен өмір түрі осы.

* * *

...Шәрипаның ойын Алтынай бұзып жіберді. Жер ошақ басына келіп жүресінен отырды да, шымшуырды алып, оны көсеген болды. Алтынайдың неге келгенін, келген жұмысын батып айта алмай отырғанын Шәрипа сезе қалды. Алтынайды Ұлбосын жұмсап отыр! Ұлбосын жұмсамаса Алтынай өз бетімен келіп, Шәрипаның ұнатпайтын сөзін айтпақшы ма?

— Неге келдің сықсиып? Баланы құтыртпай жайыңа жүр!— деп, Шәрипа отты көсеп, жайнатып жіберді.

— Ойбай, шешей, әшейін келдім. Еркежанды желіктірген мен емес, мана суға барғанда өзі айтып еді. "Кешке апама айтарсың"— деп еді...

Алтынай сасып, аузына келгенін сөйледі.

Шәрипа күрсінді. Шәрипаның рұқсат етпейтін жеріне Ұлбосынның бұл бірінші жабысуы еді. Мұның аяғы немен тынатыны әзіріне күңгірт болса да, мылтықтың оғындай зілді тиді.

Шәрипаның жер ошақ басында отырып шаптығуы, үй жанында отырған Ұлбосынның оқтын-оқтын күрсінуі Оспанға батайын деді: "Жас бала, барсын, көрсін, онда не тұр?"деп ойлады ол. Ерік өзінде болса, қолынан келсе, Оспан Ұлбосынды ойынға өзі ертіп баратын сияқтанды.

— Әй, қатын, беталды шаптығып керегі не, жібер баланы, барып көңілін көтеріп қайтсын!— деді Оспан бір кезде.

Шәрипа басын көтеріп алды:

— Шатаспай отыр, үрмей отыр! Бірдемені көріп келдің бе, мәжнүн? Қыз менікі, қызымда жұмысың болмасын! Шоқынсаң өзің шоқын! Бар, батыр қараңды, өзің бар! Балалар сақап істеуге жүн іздеп жүр деген, ана сақалыңды күзеп соларға бер!

От лаулап жанды. Сүт тасып, қазанның ернеуінен асты. Шәрипа оны елемеді, қазан астынан отты ысырмады. Оспанға қарап бетін бұрып алып, аузына келген сөзді бұрқылдатып соға берді. Ашудың бәрін Оспаннан алды.

— Қоясың ба-ай, күшік?!— деді Оспан қалтырап.

— Қоймағанда сен не қылмақшы едің?— деп, Шәрипа жүгініп алды.

— Жұлқынба, сілкінбе! Мені обып жібере алмайсың. Қатыннан еркек таяқ жемес болар. Баяғыдан бері үндемесем, бетіңе келмесем, сыйлағаным шығар.

— Сыйлаған жоқсын, ойбай, сен мені! Бетіме келсең, саған қатын болып бір күн де тұрмас едім,— деп Шәрипа қолындағы шымшуырмен жерді салып-салып қалды.

— Ал, қорыққан-ақ шығармын, енді қорықпаймын ғой, кетсең, тартып отыр!

Шәрипа күйіп, от болып өртенді. Булыққаннан даусы да шықпай қалды. Ызаланып еңіреп жіберді. Сол күйі, жер ошақтың басында, таң атқанша отырды. Жер ошақтағы сүт түсірусіз тұра берді, қазанның бетіне жуан елі сары қаймақ сіресті. Басқа кезде Шәрипа мұндай күйіп отырса, Ұлбосын "апалап" қасынан шықпас еді, бүгін маңына бір келмеді.

* * *

...Құлыптағы бірінші ойын Оспанның үйіне ұлы өзгеріс кіргізді. Ойын болатын түнгі Оспан мен Шәрипаның күш салысқандығынан бірсыпыра сыр ашылып қалғандай болды. Ол сыр "Оспан күшті, Шәрипа күшсіз, Оспан жалғыз жүрсе де күн көре алады. Ал, Шәрипа Оспаннан айрылса, күн көре алмайды". Осындай деп түсінді Шәрипа. Осы түсінік Шәрипаның бұрынғы жігерін жегідей жеді, Шәрипаның долылығын, ашуын албастыдай басты. Шәрипа өзінен-өзі моюға айналды. Бұрынғы адуын мінезді кеміткен сияқты болды. Оспанмен сөз жарыстырмайтын болды. Ұлбосынға бұрынғыдай жекірінбейтін болды. Ұлбосын бір нәрсенің жөнін сұраса:

— Әкең бар ғой, әкеңнен сұра, шырағым,— деп жай ғана жауап беретін болды...

Шәрипаның жүнінің кенет жығылып кеткендігі Оспанға батайын деді. Жиырма жыл бірге өмір өткізген жолдастың жабығуы батпай қоя ма?! Қатты айтқанына Оспан өкініш қылды. Ретін тауып, бір оңашада Шәрипадан кешірім сұрамақшы болды:

— Заман біздікі емес, жастардікі. Қанша арпалысқанмен түбінде жеңбей қоймайды,— деп Шәрипаға ақыл айтпақшы болды.

...Аудан өмірі күзге қарай мүлде қайнады, мектепке бала толды. Округтен діндей-діндей оқытушылар келді. Бәріне пәтер керек. Ауылдық кеңес ауданда тұрған үйлердің тізімін алуға кірісті. Баяғы Балжан: қолында портфель, белі буулы. Басында қызыл орамал, көрінгенге күле қарап, шұрқырасып сөйлесе кетеді:

— Шешей, ұрыспайсың ба, жұмыспен келдім,— деді Балжан күлімсіреп.

Балжанды әзірейілдей керетін Шәрипа, Балжанды көрсе кірпідей жиырылатын Шәрипа, әлденеге босап сала берді. Балжан ұнап кеткен тәрізденді: "Мінезі жақсы екен ғой, үлкенді сыйлай біледі екен ғой, бұл байғұсты текке күйдіріп жүр екеміз ғой"— деген ойдың шеті жылт етіп көрініп қалған сияқтанды.

— Қайдан білейін, шырағым, қандай жұмыспен келгеніңді,— деп Шәрипа Балжанға жайлап қана жауап қайтарды.

Балжанның жұмысы үй есебін алу екен.

— Кедей шаруамыз. Асып кеткен тәрбие жоқ, ұнатса, тұрамын десе, қайтейік, тұрсын!—деді Шәрипа.

Осыны Шәрипа айтайын деген жоқ еді, аузынан еріксіз шықты, айтпасқа лажы жоқ сияқтанды.

Балжан Ұлбосынмен қалжыңдасып жатыр:

— Үйден шықпайтын не қылған қызсың? Ойынға, жиылысқа барып жүруің керек қой,— дейді.

— Барып әдет қылмаған соң, барғым келмейді,— деп Ұлбосын жауап қайтарады.

Жауабы — рия. Бірақ, ажарында кейістік жоқ, алдағы өмір өзіне еркін тиетіндігін осы бастан сезіп отырған секілді.

... Шәрипаның қонағы — Әбулақап дейтін мұғалім болды. Мектепті биыл бітіріп шыққан екен. Көп үндемейді. Мектептен келсе, тамағын ішкенде де, қағазға үңіледі де отырады. Басқалардай бір қағаздың басын оқып, аяғын тастап, көрінген жерге шашып та жүрмейді. Тәрбиелі, таза, тыңғылықты қалпы бар.

Оспан әрі-бері үңіліп отырады да, шыдамайды. Әбулақаптың ата тегін қазуға кіріседі: қай елдің баласы, әкесі кім болған, дәулеті қандай, кәзір үйінде кімі бар, оқуға қашан кірген?..

— Әке-ау, жұмыс істеп отырған адамның мазасын алмасайшы,— дейді Ұлбосын әлденеге қызараңдап.

Ұлбосынның түсінуінше, Оспан дөрекі, дөкірт; сөйлесе бірдемені бүлдіріп алатын, әлденені сездіріп алатындай адам. Оспан сонша кісімен сөйлессе, қысылып, қызараңдап отыру — Ұлбосынның қашанғы әдеті.

— Сұраған дұрыс, білген дұрыс, сұрай беріңіз, бәріне де жауап берейін,— деп Әбулақап күлімсіреді. Қағазын жиып, Оспанмен әңгімелесуге кірісті.

— Дұтпай дейтін белсендіміз бар еді, сол бүгін бірдеме айтып жүр. Тегіс артель боламыз, мал-мүлікті ортаға саламыз дейді, онысы қалай?

Бұдан бірер күн бұрын Көктал ауылының кедейлері құлыпқа жиналып, артель жайын сөз қылысып еді. Аудандық партия комитетінің хатшысы ұзақ баяндама істеп, артельдің қашан ашылатындығын, кедей мен орташаға қандай пайдасының барлығын қолмен ұстатқандай айтып берген.

— Малымызды қоспай-ақ артель бола берсек қайтеді?— деп сұрау берген Оспан.

— Әсіресе жұмыс малы біріктірілмесе, артель болып шықпайды, Осеке,— деп баяндамашы күле сөйлеп жауап қайтарған.

Баяндамашы үкіметтің жолын, артельдің пайдасын, мақсатын айтты. Күңгірт қалған жері жоқ сияқты. Пайдалы екендігі көзге көрініп тұр. Бірақ, әлденеге жүректе бір нәрсе түйткілденіп тұрған сияқтанады. Ол, әсіресе, Оспанда бар: "Осы айтқаны болмай қалса, бір-екі қарам көрінгеннің қолында тозып кетсе, қатын өмірге таң атырмайтын болады ғой" деген ой Оспанның жүрегінен бір шығар емес. Көпшілік біраз талқылағаннан кейін:

— Артель болып ұйымдасамыз, жұмыс көлігін, сауын малын бірлестіреміз. Жаңа өмірге көшуге серт қыламыз!— деп қаулы ұсынған.

Осы қаулы дауысқа салынғанда Оспан да қол көтерді. Доспол дейтін кісі, оған қосылып тағы біреулер қол көтермей қалды. Сол жердің өзінде артельге кірем деушілердің тізбесі жазылды. Бірін бірі шақырып жаздырып жатты. Оспан үндеңкіремей отыр еді, Жанбол бұған айқайлап:

— Әй, Оспан, неге үндемейсің? Жазыласың ба, жоқ па, айтсайшы!— деді.

Оспан Қоғабаев артель мүшелерінің тізбегінен 19-орынды алды.

Құлыптан шыға бергенде, Доспол Оспанға жақын келіп:

— Артель болдың ба? Ала сиыр кетті десейші!— деп күлді.

— Неге кетеді?

— Көресің кетпегенін. Сиырыңа риза боларсың, қатыныңды ортаға салып жүрмесе,— дейді Доспол бірдемені сезгендей.

Доспол — кәдімгі Доспол, ауыл-аймағын аузына қаратқан Доспол, "атқамінер" атын алған Доспол. Дұтпай былтыр: "Досполды да конфискелеу керек!" деп айқай салып еді, оны елеген жан болмады. Елегенмен де не қылсын, конфискелейтін малы жоқ, қазан бұзарлығын дәлелдейтін материал жиып беріңдер десе, құнт қылмай жүрген осы елдің өзі.

Оспан артельге кіргенін Шәрипаға кеше айтып еді. Артельдің не екеніне Шәрипа түсініп жатқан жоқ, күнде шығып жатқан жаңалықтың бірі екен деп ойлады да:

— Ауылдың бәрі де кірді ме?— деп сұрады.

— Бәрі де кірді,— деді Оспан.

Шәрипа ризашылық білдірді. Бірақ, Досполдың кешегі сөзі Оспанның жүрегіндегі түйткілді өсіре берді. Сондықтан, Шәрипаның көзінде артель жайын мұғалімнен сұрамақшы еді, артельге Шәрипаның құлағы үйрене берсін деп ойлап еді.

Артельдің не екенін мұғалім бастан айтуға кірісті. Шәрипа да, Ұлбосын да ұйып тыңдап отырды.

Шәрипа бір кезде жұлып алғандай:

— Бетім-ау, сенің жазылдым деп жүргенің сол ма еді?— деді Оспанға қарап.

— Сол,— деді Оспан күмілжи түсіп.

— Бәтір-ау, онда қалай болды?

— Шошыма, шеше, артель шошитын нәрсе емес. Артельді құбыжық көруге болмайды. Артель — жаңа өмірдің тірегі, жаңа жұртшылықтың қазығы. Артель жаңа жұмыс, сондықтан бастапқы кезде жат көрінер. Бірақ өмірдің керексінген нәрсесі қашан да болса, жат болмайды. Артельді өмір керексініп отыр...

Әбулақап бірсыпыра сөйледі. Сөзінің көбіне Шәрипа түсінген жоқ, бірақ "артель" деген сөз миға мықтап кірді. "Алдағысын" ұмытса да, оны ұмытпастық болды, өйткені "артель — өмір тірегі!" деген сөз бәрінен де жат, сүйкімді, жүрекке жылы ұшырап, ынтаны тартып тұрған сияқты.

— Әже, сонда біздің ала сиыр да ортаға түсе ме?— деді Ұлбосын күлімсіреп.

— Мен қайдан білейін, қарағым, ана кісіден сұра,— деді Шәрипа.

— Ала сиырыңызды қимасаңыз, қолыңызда тұра береді, ала сиыр ортаға салынбағанмен артель құрылысы бұзылмайды,— деді Әбулақап та күлімдеп.

— Екі-үш сиырымыз бар, соның ішінде өзінің еншісіне тигені еді. Бұзау күнінде нағашысынан әкеліп еді. Тұқымы жақсы сиыр өзінің. Бір бұзауы биыл үлкен өгіз болып еді, мына жаман әкесі базарға апарып сатып, қалқама камзол әкелді, шапан әкелді, мына бір сәтен көйлекті де сол жолы әкелді,— деп Шәрипа ала сиырды мақтауға кірісті.

Оспан жымың етіп күлді. Әжесінің бұрынғыдай ашу шақырмағанына, мұғалімді жатсынбай өз адамына санап, шаруашылық жайын айтып отырғанына Ұлбосын мықты сүйініп, қуанышы қойнына сыймай отырды.

— Олай болса, қарындастың сиыры — қымбат сиыр екен, оны ортаға салмау керек,— деді Әбулақап күлімсіреп.

— Маған қымбат болғандығы үшін салынбай ма, әлде, тәртібі солай ма?

— Тәртібі де солай ғой. Әсіресе қарындастардың қымбат көретін сиырын қалдыруға болады.

— Шырағым-ау, қарындасыңа қалдырғанда, кемпір-шал біздің жазығымыз не? Бізге неге қалдырмайды?— деп Шәрипа тағы сөзге араласты.

Сұраудан сұрау туып, Шәрипа өкшелеп отырып артель туралы бірсыпыра нәрсені біліп алды. Қазан пештің алдына барып, қазан астының отын қағыстырып жағып еді, ойына тағы бір сұрау түсе қалды:

— Шырағым, балам, артель болғанда түбінде жұрттың ішіп-жемі де бір жерде болады дейсің, сонда тамақ істейтін кім болады?— деді.

Ауылында белгілі қыдырма Ысқақ дейтін бар. Тамақтың піскен уақытын аңдып келіп, сықсиып отырып алады.

"Саған бола тамақ пісіріп отырған жоқпын"— деп, Шәрипа ашуға мінгенде, сол Ысқаққа тамақ бермей де шығаратын.

Сол есіне түсе қалды: артель болған соқ Ысқақ төрде қалбеп жатып Шәрипа тамақ пісіретін сияқтанды.

... Әбулақап үйрене келе, Оспанның үй адамының бірі болып кетті. Шүйіркелесіп сөйлеседі, күліседі, үй ішінің шаруашылығын да ақылдасады. Әбулақап келгеннен бері Балжан алдымен Шәрипаны тауып алады. Шәрипаны сөзге айналдырып, еліктіріп, не айтқанын істетуге айналды. Бір күні келіп:

— Шешей-ау, үлкен адамдарды оқытатын мектеп аштық, соған сізді де жазып қоям,— деді.

Шәрипа шошып кетті:

— Балжан, қалқам, қойшы! Енді қартайғанда оқып қайтейін. Ана замандасыңды жаз, сол оқысын!— деді.

"Осыны неге айттым?"— деп Шәрипа кішкене ойланып тұрды. Бірақ, Балжанды өзі шын жақын көре бастап еді, Сөзін қайтып алса, Ұлбосынды оқуға жаздырмаса, Балжанның көңілі қалатын сияқтанды.

— Ерке қыз, ендеше сені жазам, сен оқисың,— деді Балжан күлімсіреп.

Портфелінен қалам-қағаз шығарып, отыра қалып жазып жатыр. Жазуы баданадай ірі, орысша сияқты.

— Бұл латын жазуы, мұғалімнен үйрендім. Сен неге үйренбейсің, үйіңде жатқанда оқи берсейші,— дейді Балжан Ұлбосынға.

— Сүйтсейші, қалқам, "алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала" деген ғой, боса да оқитын болсаң, үйде отырып-ақ оқи бер,— деп Шәрипа әлденеге күрсінді.

Ымырт жабылып барады. Жұрт апақ-сапақ малын қамап жатыр. Дала боран, желдетіп-бұрқыратып тұр. Лапастың ішіне, бір қайынды жаңғырыққа салып қойып, Ұлбосын ағаш ұсақтап жатыр. Балтаны қос қолдап ұстап, құлашын кере-кере шабады. Бір рет құлаштап шаба берем дегенде, біреу қолын ұстай алды, жалт қараса — Әбулақап.

— Балтаңды әкел, мен ұсақтап берейін,— деп, балтаны Ұлбосыннан алып, жас қайыңға балтаны сілтеп жатыр.

— Аяғыңызды абайлаңыз, шауып алып жүрмеңіз.

— Көзім бар емес пе?

— Қата болмасын дегенім ғой.

— Біреу жаны ашып сөз айтса, содан жақсы көрерім жоқ.

— Оныңыз қызық екен,— деп Ұлбосын күлді.

Әбулақап ағашты ұсақтай берді.

— Күн боран болып кетті-ау,—деді Ұлбосын.

— Оқа жоқ, үйдеміз ғой.

— Неге, ашығы жақсы емес пе?

— Боран күні ұйқы тәтті болады.

— Жай күні ұйықтай алмай жүр ме едіңіз?

Әбулақап бетіне қарап еді, Ұлбосын қып-қызыл болып құлағына шейін қызарды.

— Ойбай-ау, мынау нағыз жігіт екен ғой!— деді Балжан келіп.

Мұғалімнің ағаш ұсақтап жатқаны, Ұлбосынның күлімсіреп қарап тұрғаны Балжанға ұнап кетті.

— Ауыртпалығыңды арта бер, Еркежан!

— О, не деген сөзің, жеңеше?

— Айтқаным ғой,— деп Балжан күлді.

— Қой, тыныш жүр, Балжан,— деді Әбулақап.

— Неге?

— "Неге" деген сөз бола ма екен?

— Көрермін осыдан.

— Нені көресің?

Балжанның келген жұмысы — үлкендерге ашылған мектеп туралы екен, 15 әйел, 9 еркек оқимыз деп жазылған екен, соны Әбулақапқа айта келіпті.

— Сағат 6-дан қалмай кел. Мына қарындасыңды да ала кел, бұл да жазылған,— деп Балжан жүріп кетті...

* * *

Көктал ауылының жұмысы кенет өзгеріп кеткен сияқты болды. Жұмыстың екпіні қызуға айналды. Жоспар шықты. Жоспардың срогі 24 сағаттан 36 сағатқа айналды. "Орындамағандар конфескі болады екен, Қаратаудан асыра қуады екен" деген өсектер тарай бастады. Көктал ауылы бұйығып жатқан ұйқысынан оянып, әрбір хабарды, әрбір өсекті қалдырмай жиып, өздерінше қорытынды шығарып үлгіретін болды. Ауылдың ұйғаруынша, осы күйді шығарған — округтен ауданға өкіл болып келген секпіл бет қара, көзі тостағандай өзінің. Сөзі таудан түскендей.

— Біз анау-мынауыңды білмейміз, біз орындатуды ғана білеміз!— деп лепірді секпіл бет қара.

Секпіл бет қараның аты — Мағзұм. Мағзұм келісімен жұмыстың екінші түрге айналуы рас. Мағзұм ауданның жұмысымен танысып:

— Дым істемейсіңдер, оңшылдыққа салынып кетіпсіңдер. Басқа аудандар 100 процент коллектив болып үлгіргенде, сендер 60 қана процент болып отырсыңдар. Бұл масқаралық! Бұл оңшылдық. Бір жетінің ішінде 100 процент коллектив құрылсын! Аудан көлемінің егісі былтырғыдан 100 процент артатын болып, соған керекті тұқым бір жетінің ішінде жиналып бітетін болсын!— деген.

Аудан осыны қабыл алады. Аудан көлемінде бас көтерген адамның бәрі жұмысқа жегілді, ауыл-ауылға өкіл болып белгіленді. Өкілдерге мың түрлі жұмыс тапсырылды. Бәрінің срогі әрі кетсе бір жеті!

... Әбулақап асығып, пәтеріне келіп, абыл-құбыл нәрсесін жинай бастады.

— Шырағым-ау, күн батып кетті, қонып кетуіңе болмайды ма?— деді Шәрипа оған жаутаңдай қарап.

— Жұмыс қызуға айналды, шеше. Тапсырған жұмысты орындамай ұйқы көруге болмас,— деп Әбулақап күрсінді.

Әбулақаптың нәрсесін жинасып жатып:

— Біз, енді кімнен оқимыз?— деп, Ұлбосын күңк етіп еді.

— Біразға шейін жөнді оқу болмас, мұғалімдердің көбі өкіл болып кетіп бара жатыр,— деп, Әбулақап мұңайған пішінмен жауап берді.

Ұлбосынға бұрын күле жауап беретін еді. Бұл жолы күлкі болмады. Күлуге ынта жоқ. Әбулақап жаңа шыққан мұғалім. Жұмысын жоспарлап, оқыту жұмысына төселгені жаңада ғана. Төселгенде де, шын беріліп, бар зейінін оқыту жұмысына салып жіберіп еді. Енді содан қол үзіп, құрған жоспарының не болатындығына көзі жетпейтін секілді күйге түсті.

...Ымырт жабыла, аптығып Оспан кірді үйге.

— Апырмай, мұғалім кетіп қалған ба?

— Не бар, жай ма?— деп, Шәрипа шошынып қарады.

Оспан үрейленген, дағдарған пішінмен:

— Білмеймін, қысып кетті. 15 пұт тұқым тап дейді. Бір жетінің ішінде дайын болсын,— дейді.

— Сорлысың ғой, астықтың жоғын неге айтпадың?— деп Шәрипа кейіңкіреп еді.

— Жалғыз маған емес, жұрттың бәріне де айтып отыр,— деп Оспан қайырып тастады.

Шәрипа мықты жұмбаққа енді кездесті. Бұрынды-соңды мұндай дағдарысқа кездескен емес. Бұл не? Мұны істеп отырған кім? Жұрт "секпіл бет қара" деп без-без етеді, секпіл бет қарасы кім? Қазақ па, орыс па? Қазақ болса, үкіметтің адамы ма екен? Әлде, өз бетімен елді бұзып жүрген біреу ме?

— Балжанға неге айтпадың, Балжан біздің үйдің жайын біледі ғой,— деп Шәрипа тағы бастап еді, Оспан жауап бермеді. Оспан қамыт-әбзелін әзірлеуге кірісті. Түн ішінде торы атты қорадан алып шығып, жайдақ шанаға жегіп жатыр. Түн желкем, жаяу борасын, ызғырық. Желдің өтіне кішкене тұрсаң, іші-бауырыңды қалтыратады. Шана жегіп жатқан Оспанның жанында кішкене тұрып еді. Шәрипа қалтырап сала берді. Қалтыраған сайын Оспанды аяушылық басталды. Ескі пешпеті бар, мақтасы да жоқ, сыртынан киетіні ескі шидем күпі. Торы ат арық. Түннің түрі мынау. Кенет боран басталып кетсе, алай-түлей соқса, Оспан қайтпекші?

— Сорлы-ай, сорладың-ау, тым болмаса таң атқан соң жүруге мұрсатана сұрасаң болмайтын ба еді?

Шәрипаның Оспанды бұл бірінші аяуы еді. Бірінші рет аяғанда — шындап аяды. Оспанға қолқабыс тигізді, ат жабуды әкеліп шанаға салды, қара сандықтың түбінде жатқан кішкене май бар еді, жартысын омырып Оспанға жол азыққа берді. Оспан жүріп кеткенге шейін, тоңғанына қарамай, соның маңында бәйек болып жүрді. Ертеңіне тұра, Шәрипа ауылдың өсегін терді. Өсектің түрі жаман, бірінен-бірі асып түседі. Тыңдап отырсаң, тұла бойың шымырлайды:

— Он қарасы бардың бәрін конфискелейді екен.

— Тұқым таппағандарды ит өлмеске айдайды екен.

— Коллективке кірмегендерді "майкөт" қылады екен.

Тағы-тағы... толып жатқан өсек. Мұның бәрі қайдан шығып жатыр? Мұны айтып жатқан кім? Осының бәрін шығарып отырған "секпіл бет қара" ма?

Құнтиып қана киінген, домаланған жас бала, кенет дорбасын қолтықтап, есіктен кіріп келді. Шәрипадан, болған басын жазғалы, бойын жазып азырақ жадырағалы, маңдайы тершіп, қою қара шайды құрт тістеп, сіміріп отыр еді.

— Оспан Қоғабаевтың үйі осы ма?— деді кірген бала.

— Осы, шырағым,—деп, Шәрипа шайын тоқтатып, тіксіне қарады.

— Мен осы Көктал ауылының өкілімін. Сіздің үйге берілген бірсыпыра жоспар бар еді, соны естірте келдім,— деп, өкіл бала қағазын ақтаруға кірісті.

— Жоспары несі? — дегендей болып, Шәрипа таңданып Ұлбосынға қарады.

— Шеше, тыңдаңыз, сіздің үйге берілген жоспар: бір пұт ет, 10 қадақ шыртылдақ, 10 қадақ ескі темір, 10 қадақ ескі жүн, төрт мүйіз, бес тұяқ, бір ит терісі, бір мысық терісі...

Шәрипаның қолынан кесесі түсіп кетті. Басы ың-жың болып, көзі қарауытып кеткен сияқтанды.

— Есіткендеріңізге қол қойыңыз,— деп, өкіл қалам-қағазын ұстап, төне бастады.

Жалбыраған ақ қағаз, ұшталған қызыл қарындаш Шәрипаға жан алатын әзірейілден жаман көрінді. Тұла бойы қалтырап, Шәрипа кейін шегіне берді.

— "Отказ" беруге болмайды, шеше, "отказ" берсеңіз, протокол істеп сотқа тапсырамыз,— деп өкіл бала бұрынғыдан бетер төне түсті.

Шәрипа қалтыранып, булығып, сөйлеуге тілі келмей қалды. Алақтап Ұлбосынға қарай берді.

— Сізге не болған, үрейін ұшырып сорлыны өлтіресің бе? Қол керек болса, мен қойып берейін, бері әкелші! — деп, Ұлболсын ілгері ұмтылып, өкілдің қолындағы қалам-қағазын жұлып алды.

— Ақырын, қарындас, тізбемді жыртарсың,— деп өкіл бала күңк етті.

— Жыртылса мейлі, мұнымен дүние бүлінбес,— деп Ұлболсын ызғарланған пішінмен қарындашты қолына ұстады. Өкілдің тізбесін тізесіне қойып: "Ұлбосын Оспанқызы" деген сөзді латын әрпімен бадырайтып жазды.

— Ал, енді көңілің бітті ме? — деді Ұлболсын.

— Әңгіме мұнда емес, жоспардың орындалуында. Жаңағы айтылған жоспар бір жетінің ішінде орындалатын болсын! — деді өкіл.

— Табылмаса қайтеміз?

— Онда менің жұмысым жоқ! — деп, өкіл тамаққа өкпелеген баладай аузын бұртитып үйден шықты.

Шәрипа мелшиіп, мең-зең болған күйі отыра берді. Қолдан түскен кесесі сол күйінде жатыр. Шоққа қойған құманша қайнап, бұрқылдап, қақпағы тырс-тырс етіп көтеріледі.

— Әже, мен Балжанға барып жолығайын,—деді Ұлбосын.

— Бар, қалқам, жолық! — деп Шәрипа кемсеңдеп жылап жіберді.

...Екі күннің ішінде ауылдың ескі өмірінің асты үстіне келген сияқты болды. Ертең де жиылыс, кеше де жиылыс. Салбыраған пішін, сең соққан балықтай тұнжыраған жұрт. Біреулер бүрмесін бұзып ет беріп жатыр, біреулер қарын түбінде қалған майын беріп жатыр. Ескі көрпені сөгіп жүн берген, ескі арқанды тарқатқандарға есеп жоқ сияқты.

— Бір ит, бір мысығым бар еді, екеуін де сойып, терісін бердім,— деп Жұмагүл жүр.

— Басқасын беріп жақындатып едім, тұяқ пен мүйізді табу қиын болды,— деп салбырап Ғабит жүр.

— Апырмау, осы біз кедей емес пе едік? Үкімет өзіміздікі емес пе еді? Осыны істетіп отырған шынымен үкімет пе, әлде ана "секпіл бет қара" ма? — деп Күркебай желкесін қасып, басын шайқай береді.

— Біз қайдан білейік, бізден көрі сенің білетін жөнің бар, сен белсендісің, сен кедейлер тобының мүшесісің, араласып жүрген өзің, қаулы шығарып жүрген өзің,— деп Жақып оны талқылай түседі.

— Біз қайтейік, бізді қысқан өкіл: "Осыны қабылдайсыңдар, осылай деп қаулы шығарасыңдар" деді. Қаулы шығармасақ, қарсы болармыз дедік. — Жаныспай бір-екі ауыз сөз айтып еді, "Сен көнтр екенсің" деп оны кедейлер тобынан шығарып тастады,—деп, Күркебай мұңайып, істеген ісін мойнына алған сияқтанады.

...Балжаннан жәрдем көре алмай, Ұлбосын мен Шәрипа жаман дағдарысқа түсті. Шәрипа мүлде өзгеріп, бұрынғы дауын мінездің ізі де қалмады. Басы айналып, мең-зең болып кетті.

— Менімен ақылдаспа, қалқам, не істесең өзің біл, өзің бітір, жиылысына да өзің бар,— деп Шәрипа жұмыстың бәрін Ұлбосынға аударды. Ұлбосын арқылы ғана жаны қалатын сияқтанды.

Ауылдың өсегін көп жинайтын Қалампыр дейтін әйел. Есіткенін өсіріп айтпаса, кемітпейді. Бірдеме құлағына тисе, ол асығып Шәрипаға келеді.

— Шешей-ай, мына сұмдықты есіттің бе? — деп, Қалампыр қисайып отырып өсегін бастайды. Өсегінің бәрі адам нанғысыз болады. Бірақ, Шәрипа нанады. Істеліп жатқан жұмыстың бәрі нанбасқа қоймайды, еріксіз нандырады.

Ұлбосын жиылысқа кеткен кезде, Шәрипа пешке арқасын сүйеп, мең-зең болып отыр еді:

— Сұмдықты есіттің бе, шешей? — деді Қалампыр кіріп келіп.

Шәрипа үрейленіп қарай қалды. Қалампыр есекті мың құлпыртып соға берді:

— Қалқозға кіргеннің малы да, жаны да өзінікі болмайды екен ғой. Үндеместің үйі бүгін қоңыр сиырын қалаға сатуға апарғалы жатыр екен, қалқоздың бастығы барып: "Мал сенікі емес" деп жетегінен шешіп алып қалыпты. О да ойыншық-ау, адамды айтсайшы, бәрінен де масқарасы әйелді ортаға салатыны білем. Неке болмайды дейді. Әйел мен еркекті нөмірлейді дейді. Нөмірі тура келген әйел мен еркек қосылуға міндетті дейді...

— Қыздарды да сүйте ме екен, келін, оны білдің бе? — деді Шәрипа жұлып алғандай.

— Есіткен жоқ па едің, шешей?!

— Жоқ.

— Айттым ғой, сіз есітпеген шығар деп едім ғой, үйден шықпайсыз, қайдан есітейін деп едіңіз. Ойбай, масқарасы бар. Қызды жинап Қытайға жөнелтеді дейді...

Шәрипа етіне пышақ тыққандай ышқынды. Қалампыр тағы бірдемелер айтып еді, оны тыңдай алмады, сөзін бөліп:

— Қызы барлар неғып жатыр екен, соны білдің бе? —деді.

— Төлеміс қызын бүгін түнде жөнелтіпті. Қаңғарбай ауылында бір бойдақ жігіт бар екен, соны шақырып алыпты да: "Шырағым, бізді пәлеге кездестірме, мына қызды ал" депті. Жігіт азырақ шалқақтаған білем. Сосын Төлеміс көк атын мінгізем деген соң көніпті,— дейді.

— Той ғып па?

— Шешей-ай, сізге не болған, той қылатын заман ба осы, керек десе бір асым ет те асқан жоқ дейді...

Өкілдің берген жоспарынан да Шәрипаға Ұлбосын мәселесі ауыр тиді. Ұлбосын — ардақтап өсірген жалғыз қызы. Ұлбосынға жанның көзін түсірген жоқ. Ұлбосынды жан адаммен сөйлестірген жоқ. Ұлбосынға жанды теңгермейтін. Ұлбосынның күйеуі қандай адам болу керек? Ұлбосынның тойы қалай болып өту керек? Бұ да Шәрипаның шешпеген мәселесі. Енді тыңнан жарға кездескен сияқты болды. Шешімі қалай болмақшы? Ұлбосынды алатын күйеу қайда? "Менің Ұлбосынымды алшы!" деп Шәрипа қай жігітке барып жалынбақшы? Жалынғанмен ала қойса жақсы. "Қақпас, кет әрі, баяғыдан бері пысқырып, баланың бағын байлап, маңына жуытпай келіп едің, енді соның сазасын тарт!" десе, не бетін айтпақшы? Оны есіткенше Шәрипаның өлгені жақсы емес пе?

Шәрипа қысылды. "Жоспар" жұмысына кіріспегенмен, Ұлболсын мәселесі еріксіз кірістіретін болды. Алас ұрған сайын зыр жүгіріп, өзі білетін жерді, елді минутінде мың аралап, бойдақ жігіт қарастырды. Ұлбосынға күйеу қарастырды. Зыр жүгірген ой бір жерге келіп кідірген сияқты болды. Кідірді. Шәрипаның бетіне қан жүгірейін деді:

— Бәсе, сол бар емес пе?—деп Шәрипа терең ойға шомды.

Бұл тапқаны — Әбулақап мұғалім. Түбі қазақ па, шала қазақ па белгісіз. Әңгіме түбінде емес, өз басында. Өз басы кісі кемітер жігіт емес, сыпайы, биязы жігіт. Мінезі де салмақты. Шәрипаның үйінде үш айдай дәмдес болып тұрды, оғаш мінезін Шәрипа көрген емес. Бұл — Ұлбосынға тең емес пе? Тең болса, баланың бақытын байлағанша, сонымен ойнап-күлуіне жол берсе болмайтын ба еді? Ойнап-күлсе, сыр алысса, бәлкім осы күні қосылып Шәрипаның ойы аяқталмай, Ұлбосын кіріп келді. Ұлбосынның жастығы ма, еш нәрсені елемейтіндігі ме, бір мойымады, жайраңдап күледі де жүреді. Кейде қайдағы жоқты айтып, Шәрипаны тәлкек қылатыны бар. Шәрипа бәріне де көніп болған, бұрынғыдай ашуланбайды, ұрыспайды. Ұлбосынның. жабықпағанына сүйініп те қояды.

— Бүгін спектакль болмақшы екен, жиылыстан тарқаған жұрттың біразы сонда барамыз деп кетті,— деді Ұлбосын шешініп жатып.

— Сен неге бармадың барғың келсе, барсайшы,— деді Шәрипа күрсініп.

Ұлбосын аз-кем ойланды. Шәрипаның ұрыспайтынын Ұлбосын сезіп еді. Сезсе де бармай қалуына себеп болған нәрсе бар. Бүгінгі жиылысты секпіл бет өкіл — Мағзұм келіп өткізді. Жиылыс басқарушыға Ұлбосынды сайлатты.

— Ана бір қарындасты сайлаңдаршы, үстел басында отырсын, әйелге теңдік заманы ғой,— деді Мағзұм күліп.

Ұлбосынға Мағзұмның түрі де, сөзі де жексұрын көрінді, жаратпады. Әйтсе де, үстел басына барып отырды.

— Жоспарларыңызды толтырдыңыз ба, қарындас?— деді Мағзұм жақындай түсіп.

— Толтырғамыз жоқ,— деп Ұлбосын салқын ғана жауап берді.

— Оның жөні келер ме екен, қарындас?

— Жоқты жерден қаз дейсіз бе?— деп Ұлбосын тікелеп бетіне қарап еді, Мағзұм шетке бұрылып:

— Жай сөйлесерміз,— деді.

Жиылыс тарауға тақалғанда, Мағзұм үстелге асылып, аузын тақай түсіп:

— Спектакльге барайық, қарындас, сол жерде сөйлесіп, келісерміз,— деп күлімсірейді.

— Келісу үшін бара алмадық!— деп, Ұлбосын ашумен орнынан тұрып кетіп еді. Сол есіне түсті. Енді барса, Мағзұм жабысып айрылмайтын сияқтанды. Әйелін қалаға қалдырып, ауданға өкілдердің аш қасқырдай жалаңдайтын әдеті емес пе?! Жұмысын тастап, қыз-келіншек аңдитындары да толып жатады. Бұл — Ұлбосынның өз басына кездеспегенмен, басқа қыз-келіншектерден есіткені бар. Ыбырай деген біреу өткен жылы өкіл болып ел аралап, қонған-түстенген жердегі әйелдердің бәріне де сөз айтып масқара болған ғой.

— Бармайсың ба, қалқам?— деді Шәрипа бір кезде.

— Бармаймын!—деді Ұлбосын.

— Бармасаң барма, мұғалімің үйде жоқ қой. Мұғалім келген соң еріп барарсың.

Шәрипа Қалампырдан есіткенін Ұлбосынға барып аша алмады. Ұлбосын есітіп жүр ме, есітпей жүр ме, оны білу қиын. Қиын болғанмен, "мынадай әңгіме бар екен, енді бас қамыңды істе, күйеу ізде" деп Шәрипа не бетімен айтпақшы?

— Қарағым, мұғаліміңнен хабар білдің бе, жақында келер ме екен?

— Білмеймін,— деді Ұлбосын.

— Сұрап білсейші. Жақын жерде болса, хабар айтсаң қайтеді, келіп кетсін... өз баламдай болып кетіпті, өзін сағынып жүрмін,— деді Шәрипа.

Шәрипаның мұны немен айтқанын Ұлбосын сезген сияқты болды. Қалампырдың таратқан өсегі Ұлбосынның да құлағына тиген. Ұлбосын нанарын да, нанбасын да білмеп еді. Нансын-нанбасын, күйеуге тимей жүре ала ма. Бұрын билігін Шәрипаға артып, соның ыңғайлаған адамына бас иетін сияқтанушы еді. Биыл Шәрипа ол күйден өзгеріп отыр. Оған көп болған жоқ. Одан бері Ұлбосын бозбаламен сырласып, өзіне біреуін меншіктеуге үлгірген де жоқ. Бозбаланың басы бұрынғыдай қосылмайды. Ойын-той, шілдехана жоқ. Спектакль сирек болады. Бозбаланың көбі үйде де тұра алмайды, қайнап жатқан жұмыс. Бірі онда кетсе, бірі мұнда кетеді...

Шәрипаның мұғалімді сөз қылғаны Ұлбосынға ой түсірейін деді. Ұлбосын бұрын да аздап ойлайтын. Әбулақап мұғалім ашып еш нәрсе айтпағанмен, бірен-саран әзілмен Ұлбосынның ойын өзіне аудара бастап еді. Әсіресе бір рет спектакльге барғандары. Спектакльден түн ортасында қараңғыда қайтып жолда келе жатып, Ұлбосын қарға малтықса, Әбулақап келіп қолтығынан ұстай алады. "Сүйеп жүрейін, қарындас, сүріндірмейін" дейді. Қолтықтаған еркектің бауырына жабысып жіптіктей болып жүретін Ұлбосын қала көрген қыз ба, трапшенкеге жаңа жегілген апай ойқастап шыға берді. Өйтсе де, аздан кейін өзі де сезбей, Әбулақапқа жақындай түседі. Оның артынан тағы нелер болды, не сөйлесті, Әбулақап тағы қандай жылы ұшырайтын белгі берді — Ұлбосын бәрін де ойлап шықты.

...Ұлбосын шайын шала-пұла ішіп, мал жайлауға шыққан. Шәрипа шайын жинап жатыр еді, Қалампыр келді.

— Шешей, ұрыспайсың ба, мен біреуді ертіп келдім,—деді Қалампыр.

"Ертіп келгені несі? Осы күні қонақ күтетін не күй бар?"— деп ойлап Шәрипа түсінбей отырды.

Қалампыр жайлап ашып айтуға кірісті: жалқы жігіт екен. Алпысқа келген шешесі бар екен. Бұрын бір қатыны өлген, о баста дәулеті жақсы жер болады екен, бері келе кедейленген екен. Қалампырдың немере інісі болады екен, аты Алпысбай екен.

— Бала баланың теңі. Жайшылықтың өзінде қыз таңдап алатын жігіт. "Құдашаны білемін ғой. Маған көңіл қосамын десе, аш-жалаңаш қылмаспын",— деп отыр...

— Кірсін!— деп Шәрипа күрсінді.

Дөңгелек сақалды, таңқы танау, қара жігіт тәлімсіп кіріп келді. Шәрипа оның бетіне бір қарады да қойды, бірден артық қарамады. Қарағысы келмеді. Ұнатпады. Қытай түгіл, шүршітке өтіп кетсе де, тірі тұрып қызын мынаған қиып бергісі келмеді. Бірақ, Ұлбосын не айтар? Кісі таңдайтын заман ба бұл? Аш болмаса, жалаңаш болмаса, соның өзі де таптырмайтын бақыт болып жүрген жоқ па?— деп ойлап, Шәрипа, екінші жағынан Ұлбосынның ойын біле алмай дағдарды.

— Қалампыр, келін, жөн білуші едің ғой, сөйлесіп көрсейші,— деген сөзді Шәрипа зорға айта алды.

Қалампыр сөйлескелі келгенде, Ұлбосын шөпті айырлап көтеріп, малдың алдына салып жүр еді.

— Тентек қыз, күйеуге ти десе тіл алмайсың, күйеуіңе істететін жұмысты өзіңнің мынау,— деп Қалампыр тәлкек қыла келді.

— Істесе қайтеді! Бұл еңбек заманы. Үлде мен бүлдеге оранып отыратын байдың қызы емеспін. Жаман күйеуге тиіп уайым шеккенше, жалғыз жүріп, ойнап-күліп өмір өткізгенім артық емес пе?— деді Ұлбосын.

— Жаманға ти деп кім айтты, жақсы күйеуге ти.

— Өзі жақсы болсын, өзі күйеу болсын.

— Неге, дүниеде жақсы құрып қалды дейсің бе? Өзің таныса білмейсің, араласа білмейсің. Жасың 18-ге келді. Енді қанша отырармын дейсің.

Қалампыр жағалатып келіп, әңгімесінің аяғын Алпысбайға тіреді. Ұлбосын айырға сүйенген күйі, тыңдады да тұрды.

— Әжем бермекші болды ма?— деді Ұлбосын.

— Бермекші болды,— деп, Қалампыр өзінен қоса жауап берді.

Ұлбосын дағдарып тұрып қалды. Не ойлап тұрғанын біле алмады. Не істеу керек екенін де біле алмады. Ақылдасатын әжесі болса, ол беремін деп уәде беріп отырса, енді қайтпек? Сонда көрмеген, білмеген біреуге әжесі айтты екен деп, кете бермекші ме? Осы жерде ойына Әбулақап түсе қалды. Әбулақап болса, бәлкім бірдеме айтар еді. Әбулақаппен ұялмай ақылдасуға да болар еді...

— Әжем беремін десе, қарсы болуым қиын ғой. Әйткенмен маған бірер жетіге мұрсат берсін. Әкем келсін, содан кейін көрерміз,— деді Ұлбосын.

Қалампырдан құтылып, мең-зең болған бойын жаңа билегендей болып, Ұлбосын жұмысқа кірісіп еді, портфелін сүйретіп бақа өкіл келді. Өзі жас жігіт, өзі комсомол.

— Қане, замандас, бір жағы қарындассың, басқаға айтқаныңды сізге айтпай тұра алмаймыз, жоспарыңызды толтырыңыз!

Ұлбосын оның бетіне күлімсірей қарады:

— Замандас болғанмен, қатты айтсам, көңіліңе ауыр аларсың. Ақырын айтсам, түсінбейсің, енді қайтем? Өзің ойлашы: кемпір мен менің қолымда не тұр? Әкем кеткелі жиырма күн, өлі-тірі екенінен әлі дерек жоқ. Кемпір шешем үйден шыға алмайды. Өзім күн ұзаққа малдың басында боламын. Түнге қарай көбіне жиылыстарыңмен өмір өтеді. Қолда дайын нәрсе жоқ, сатып алуға пұл жоқ. Іздеуге адам жоқ. Сонда біздің жоспар қалай орындалмақшы, осыны бір ойлайсың ба?

Өкіл томсарып, төмен қарап тұрды.

— Шешенсің, ділмарсың, замандас, бірақ жоспардың орындалуы керек,— деп, өкіл томсарған күйі бұрылып жүріп кетті...

...Үсті-басы қырау-қырау болып біреу үйге кіріп келді. Ұлбосын тесіле қарады да, күлімсіреді:

— Мұғалім!

— Шырағым-ай келдің бе!—деп Шәрипа жыламсырап қоя берді.

— Шеше, жай ма, неге жүдегенсіз?— деп, Әбулақап шешініп болуына қарамай, баспалатып сұрап жатыр.

Шәрипаның үй-іші шын қуаныш түске кірді. Ет асылды, шай қойылды. Жұмыс арасында, қолы тигенде, Шәрипа тізесін бүгіп, Әбулақап кеткелі басынан кешіргенің айтып жатты. Жалғыз-ақ қыз туралы есіткенін жасырды, сосынғысын түгел баяндап шықты.

— Бұл жолсыздық, шеше. Мұндай іс әр ауылда да болыпты. Кәзір партия орны осыны қата деп тауып, түзетуге кіріскелі жатыр,—деп Әбулақап соңғы өзгерістерді айтты.

— Сонда біздің жоспарымызды қайтеді, кеміте ме, әлде осы күйі тұра бере ме, орындаймыз ба?—деді Ұлбосын.

— Бұл жоспар — жолсыз жоспар, заңнан тысқары берілген жоспар. Тұяқ пен мүйіз, тағы сондай уақ нәрсеге жоспар беріңдер деп үкімет еш уақытта айтқан емес. Бұл — өкілдердің алыпқаштылыққа салып жүргендігі. Мен түнеу күні осыларың жолсыз дегенімде, аудандық өкіл Мағзұм мені сотқа беремін деп қорқытып еді, енді өзінің сотқа іліккенін білмей де қалған шығар...

Әбулақап көңілді қайтқан болды. Сөзді түйдек-түйдегімен тастайды, Шәрипа бір ауыз сөз сұраса, үш ауыз, төрт ауыз ғып жауап қайырады.

— Айтпақшы, Балжан не ғып жүр?— деді Әбулақап бір кезде.

— Әйтеуір жүр ғой, өзінде билік жоқ. Жұмысының бәрін өкіл меңгеріп алып кеткен. Қол қой деген жеріне қолын қояды, мөрін басады, бітіргені сол. Өкіл қысып бара жатқан кезде сасып соған барам. "Шыдай тұр, амалдай тұр"— дейді, басқа не айтсын,— деп, Ұлбосын Балжанның жайын айтып берді.

Ұлбосынның жауабынан Әбулақап бірталай нәрсе аңғарды. Ұлбосын науқан жұмысына араласыпты. Науқанның не екенін білмейтін қыз, кәзір басша-кешшесін біліп алыпты. Жолсыздықты да сезетін болыпты. Ең арғысы ауылдық кеңестің жұмысына өкілдің қол сұғып, кеңесті баса-көктеп отырғанын да біле бастапты. Ауыл қызы бұрын еш нәрсені білмейтін қыз, аз уақыттың ішінде мынаны сезіп үлгірсе, ысыла бара мүлде кеңейіп кетпекші емес пе.

... Кешкі сағат 6-да, мектеп үйінде Алғабас колхозының жалпы жиылысы болмақшы. Колхозға мүше 142 үй. Бұрынғы жиылыстары әр танапта жеке өткізіліп келсе де, бұл жолы округтен келген өкіл баяндама істейтін болғандықтан, жалпы мүше бір жерге жиналатын болды.

— Сен де бар, қалқам, мұғаліміңмен бірге келерсің,— деді Шәрипа Ұлбосынға.

— Барам десең жүр, қарындас,— деп Әбулақап күлімсіреді.

Құлыптың залы сығылыса толған халық. Жартысына жақыны әйел. Көбі орын таба алмай тік тұр.

Мәжіліс ашылып, сөз округтен келген өкілге берілді. Округ өкілінен аудан бұрын да құр емес. Мағзұмда округтің өкілі. Бірақ, оған қарағанда мынаның сөзі жылы. Жылы ғана емес, жұрттың қышыған жерін қасып, қытығына тие сөйлеп жатыр.

— ... Соныменен, жолдастар, жасыратын сыр жоқ, біздің жергілікті өкілдеріміз асыра сілтеп отыр, бөрік ал десе бас алып отыр... Кей жерде, тал дұшпанының қастығын көре алмай, қамшыны соларға басудың орнына, кедейлерге басып жіберіп отыр. Осының салдарынан бірсыпыра кедейлеріміз, орташаларымыз осы науқанның тұсында орынсыз таяқ жеп қалып отыр. Бұл — жолсыздық. Бұлай істе деп үкімет оларға тапсырған емес. Үкімет ел шаруасын гүлдендіремін десе, ел шаруасын жаңа түрге құрамын десе, сол шаруалардың өзімен шүйіркелесіп отырып істемекші еді. Біздегі кейбір "бас бұзарлар" бұл ұранды өзінше бақылап, жұмысқа теріс бағыт беріп жіберіпті. Бұл — қылмыс. Бұл қылмыспен біз аянбай күресеміз, көпшілік, сендерге сүйеніп отырып күресеміз!— деп, өкіл сөзін бітірді.

— Жаса, шырағым, жаса!— деп, жиылыс алақанын ұрып жатты.

— Бәсе солай болса керек еді ғой...

— Әй, осында бір шикілік бар деп мен басында-ақ айтып едім,— деп біреулер әулиелік соғып жатыр.

Жарыс сөзге жұрт тегісінен шықты. Әйелдер де шығып сөйледі. Жұрттың сөзі толып жатқан қылмыстың бетін ашты: кедей мен орташаның үйін тінтіп, ішейін деп отырған ақтық ұнын алған өкілдер де болыпты. Кедейлерді үйіне жолатпай, астық тап деп ауылынан қуған өкілдер де болыпты, тұқым астықты тауып бере қоймадың деп кедей мен орташаны шытырлатып қамаған өкілдер де болыпты...

"Біздің жаңа құрылысымыз, социалдық құрылысымыз партия жолымен құрылса екен! Бұл жолға шалығын тигізем деп бұрмалағандар аяусыз жазаға тартылса екен!"— деп көпшілік тілек білдірді.

Көпшіліктің көрсетуімен бас өкіл — Мағзұм, тағы бір бригада мүшесі қылмысты саналып, сотқа тартылатын болды.

... Түнгі сағат 12-де жиылыс тарады.

— Ерке қыз, біздің үйге барып жатсақ қайтеді?— деді Балжан Ұлбосынға келіп.

— Қой, Балжан, қарындасымды қашырта алмаймын, үйге алып қайтамын,— деп Әбулақап араға килікті.

Балжан Әбулақапқа қарап күлімсірей түсті де:

— Сіз иелік қылсаңыз, сөзіміз жоқ,— деді.

— Иелік қылған деген не?

— Әншейін айтқаным ғой.

— Сен осы "әншейін" айтпасаң екен.

— Ал, айта ғой.

— Айтайын ба, ерке қыз?— деп Балжан күлімсіреп Ұлбосынға қарады.

— Мейлің! — деді Ұлбосын да күле түсіп.

... Шәрипаның бүгін жүрегі орнына түсіп, жастыққа басы тиісімен қатты ұйқыға кіріп еді. Қатты ұйықтағандықтан Ұлбосындардың жиылыстан қайтып келгенін сезбеп еді. Таң қараңғысы кезінде әлденеге оянды. Үй іші тастай қараңғы... Бір кезде тор алдында әлдекімдердің сыбырласып сөйлескені естілген сияқты болды. Бұл кім болды екен?— деп аз-кем ойланып, ірге жағын сипап қалып еді, Ұлбосынның бос жатқан жастығына қолы тиді. Одан әрі еш нәрсе ойламады, қайтадан бұйығып ұйқыға кіргенін сезбей қалды Шәрипа.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама