Алматының «Қайратының» бас бапкері Рафаэль Уразбахтин Қазақстан Премьер-лигасының 27-турында «Астанадан» жеңілген соң өте қысқа жауап берді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
«Көп сөйлемеймін. Бір сөз айтып, кетемін. „Шапито“. Рақмет», — деді Уразбахтин ойыннан кейінгі баспасөз мәслихатында.
Алматылықтардың бапкері төрешілер бригадасының жұмысына наразы болған сияқты. Кездесудің шешуші эпизодтарының бірі — «Қайрат» жартылай қорғаушысы Әділет Садыбековтің 11-минутта алаңнан қуылуы.
Садыбеков өз айып алаңының маңында Станислав Басмановқа қатысты ереже бұзды. Бас төреші Денис Тевяшов әуелде ойыншыға сары қағаз көрсетті, алайда VAR-ды қараған соң шешімін өзгертіп, футболшыны алаңнан қуды. Үш минуттан кейін «Астана» сандық басымдылығын пайдаланды — Рамазан Каримов Карло Бартолецтің пасын баспен тоғыстырды. Бұл доп ойындағы жалғыз гол болып қалды.
Қазақстанның қазіргі чемпионы үшін бұл жеңіліс қатарынан екіншісі — бұған дейін алматылықтар өз алаңында «Тобылға» 1:4 есебімен жол берген еді.
27-тур ойындарынан кейін «Ордабасы» 61 ұпаймен ҚПЛ кестесінде көш бастап тұр. Екінші орындағы «Қайраттың» еншісінде — 57 ұпай. «Астана» 48 ұпаймен үшінші сатыда орналасқан.


