Жапонияда өтіп жатқан Азия ойындары-2026 аралас жекпе-жек (ММА) сайысында Қазақстан құрамасының үш өкілі жартылай финалға жолдама алды. Финалға шығу үшін Санжар Әділов (65 кг салмақ дәрежесі), Қадырбек Шынбаев (71 кг) және Еркінғали Бүркіталин (77 кг) белдеседі, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Traditional санатында өнер көрсететін Әділов ирандық Афшин Салими Тупгарыдан басым түсті — жекпе-жек 2:0 есебімен аяқталды. Жартылай финалда қазақстандық тәжікстандық Отабек Раджабовпен кездеседі.
Шынбаев Modern санатында сынға түсуде. Ширек финалда ол бахрейндік Құрбан Идрисовты жеңді. Жартылай финалда оған өзбекстандық Нодирбек Шавкатов қарсылас болады.
Бүркіталин бірінші күні екі жекпе-жек өткізді. Алдымен 1/8 финалда Traditional санатында Қытай Тайбэйінің өкілі Лин Мин-Дяньді 3:0 есебімен ұтты, содан кейін ширек финалда оңтүстіккореялық Юн Тэ Ёнды тізе бүктірді. Енді ол филиппиндік Карлос Альвареспен кездеседі.
Әйелдер турниріндегі Қазақстанның жалғыз өкілі Айгерім Төреханова 1/8 финалда өнерін аяқтады. 54 кг-ға дейінгі Modern санатында ол вьетнамдық Ло Тхи Фунгқа 0:3 есебімен жол берді.
Жартылай финалға шығу спортшыға кемінде қола медаль кепілдік етеді, өйткені турнирде екі қола медаль қарастырылған. Осылайша, Қазақстан Азия ойындарындағы ММА-ның дебюттік сайысында үш медальді қамтамасыз етті. Жартылай финалдар 21 қыркүйекте өтеді.
Modern мен Traditional қалай ерекшеленеді
ММА Азия ойындарының бағдарламасына дәл 2026 жылы алғаш рет енді. Екі форматта да соққылар, күрес, лақтырулар және ауыртатын немесе тұншықтыратын тәсілдер қолданылады. Басты айырмашылық — киімде: Traditional MMA-да спортшылар ги — спорттық кимоно киіп шығады, ал Modern MMA-да шорты мен рашгардпен белдеседі. Traditional санатындағы ги қарсыласты ұстауға және кейбір күрес әрекеттеріне киімді пайдалануға мүмкіндік береді.
Контекст
Жапониядағы XX жазғы Азия ойындары кеше, 19 қыркүйекте ресми түрде ашылды. 45 елдің спортшылары қатысатын кешенді жарыста 460 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Оның 217-сі — ерлер, 204-і — әйелдер және 39-ы — аралас разрядтар арасында. Турнирлер 41 спорт түрінің 68 дисциплинасында өтеді. Азиада-2026-да Қазақстан құрамасының сапында 559 спортшы сынға түседі.


