Қытайдың Тяньцзинь қаласында әйелдер арасындағы волейболдан Азия чемпионатының 23-ші жарысы басталды. Бұл додаға Қазақстан құрамасы да қатысып жатыр, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Азияның он екі ұлттық құрамасы бас жүлдені сарапқа салады. Чемпион атанғандар 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарына жолдама алады, ал жүлдегерлер 2027 жылы Канада мен АҚШ-та өтетін әлем чемпионатына қатысуға мүмкіндік алады.
Топтық кезеңде Қазақстан құрамасы В тобында Тайланд, Индонезия және Австралия құрамаларымен бірге ойнайды. А тобында Қытай, Иран, Қытай Тайбейі және Ирак, ал С тобында Жапония, Вьетнам, Оңтүстік Корея және Гонконг өнер көрсетеді. Ширек финалға әр топтан екі үздік команда, сондай-ақ үшінші орын алған ең үздік екі құрама шығады.
Турнирдің алғашқы ойынында А тобындағы ирандық волейболшылар Қытай Тайбейі құрамасын 3:1 есебімен жеңді. Қазақстан құрамасы алғашқы ойынын ертең Индонезияға қарсы өткізеді. Филиппинде өткен Азия ұлттары кубогында қазақстандық қыздар төртінші орын алған болатын, сол жарыста олар индонезиялықтарды 3:0 есебімен ұтқан еді.
23 тамызда Асқар Шәкібеков шәкірттері австралиялықтармен, ал 25-інде тайландтықтармен ойнайды.
Әйелдер арасындағы волейболдан тұңғыш Азия чемпионаты 1975 жылы Мельбурнде өткен болатын. 22 турнир бойы жүлделі орындарды Қытай, Жапония, Тайланд және Оңтүстік Корея құрамалары бөліскен, бірақ бір рет олардың арасына Қазақстан кірді. 2005 жылы қазақстандық волейболшылар финалда қытайлықтардан 0:3 есебімен жеңіліп, күміс жүлдені иеленді.
Бұдан кейін де, бұған дейін де қазақстандықтар континенттік додада бесінші орыннан жоғары көтерілген емес. Тайландта өткен өткен Азия чемпионатында да олар бесінші орынға тұрақтаған еді. Сол жарыста тайландтықтар қатарынан үшінші рет чемпион атанды, күміс Қытайға, қола Жапонияға бұйырды.


