Шілде айында Қазақстанның бастапқы және қайталама нарықтарында тұрғын үй бағасы айына 1%-дан аспайтын қалыпты қарқынмен өсті, ал жалдау бағасы бір айда 1,4%-ға қымбаттады, деп хабарлайды infohub.kz.

Жалдамалы тұрғын үй нарығында сұраныс жоғары кезең басталды. Жаңа оқу жылы қарсаңында Қазақстанның ірі қалаларына студенттер келеді, олардың көбі жалдамалы баспана іздейді. Жоғары сұраныс өз кезегінде жалдау бағасының өсуіне әкеледі.

Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, шілдеде Қазақстанда жалдамалы тұрғын үй бір айда орта есеппен 1,4%-ға қымбаттады. Қазір ол бір жыл бұрынғыдан 14,2%-ға қымбат.

Жалдау құны ең көп Астанада (2,4%), Көкшетауда (1,5%) және Алматыда (1,4%) өсті. Шымкентте өсім бір айда 0,9% құрады. Сонымен қатар, еліміздің бірнеше қаласында баға бір ай бұрынғы деңгейде қалды: Ақтөбе, Қарағанды, Петропавл, Тараз және Түркістанда.

Қазір Қазақстанда орташа жалдау бағасы шаршы метріне 5 134 теңгені құрайды. Яғни, шартты түрде 25 шаршы метрлік пәтер айына шамамен 128 350 теңге тұрады. Баға қалаға байланысты айтарлықтай өзгереді: Алматыда жалдамалы тұрғын үйдің бір шаршы метрі орта есеппен 5 961 теңге, Астанада – 5 796 теңге, ал ең төмен баға Таразда тіркелген – шаршы метріне небәрі 2 515 теңге.

Жылжымайтын мүлік сатып алуға келетін болсақ, мұнда бағаның қалыпты өсуі байқалады. Шілдеде бастапқы тұрғын үй 0,7%-ға, ал қайталама нарықтағы баға небәрі 0,1%-ға қымбаттады. Айлық динамикада бастапқы нарықтағы ең жоғары өсім Петропавл мен Оралда тіркелді – тиісінше 2,5% және 2,2%, одан кейін Алматы – 1,9%. Шымкентте баға бір айда 1%-ға өсті, ал Астанада маусым деңгейінде қалды.

Қайталама нарықта өсім көшбасшысы Қостанай болды – бір айда 3,6%, одан кейін Жезқазған мен Орал – тиісінше 3,2% және 3%. Астанада баға бір айда 0,6%-ға өсті, Шымкентте – 1,9%, ал Алматыда баға бір айда 0,8%-ға төмендеді.

Жылдық көрсеткіште Қазақстанда бастапқы тұрғын үй орта есеппен 14,6%-ға, ал қайталама нарықтағы баға 9,5%-ға қымбаттады. Қазір жаңа пәтерлердің орташа бағасы шаршы метріне 621 900 теңгені, ал қайталама нарықта – 630 442 теңгені құрайды. Ең жоғары баға Алматыда: бастапқы нарықта орта есеппен 739 762 теңге, ал қайталама нарықта – шаршы метріне 743 546 теңге. Астанада баға сәл төмен – тиісінше 739 033 теңге және 731 722 теңге.

Осылайша, қазір жылжымайтын мүлік нарығында баға қалыпты өсіп жатқанын, ал жалдау бағасы қарқын ала бастағанын атап өтуге болады. Бірақ жалдамалы тұрғын үй бағасының өсу шыңы, мысалы, Алматыда әдетте тамыз айының соңы мен қыркүйекке келеді. Бұған дейін сарапшылар жоғары маусымда сұраныс қана емес, күдікті ұсыныстар саны да артатынын ескерткен болатын, сондықтан жалдамалы баспана іздеп жүрген қазақстандықтарға сақ болу керек.