Жамбыл облысындағы Қордай орталық аудандық ауруханасында жеке басы әлі анықталмаған науқас әйел үш жылға жуық жатыр. Ол ауыр халде құжатсыз жеткізілген, содан бері кім екенін анықтау мүмкін болмады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Бұл оқиға әлеуметтік желіде видео жарияланғаннан кейін кең тарады. Ролик авторы медиктер науқасты қосалқы бөлмеге қалдырып, көмек көрсетпей жатқанын айтқан. Аурухана бұл ақпаратты жоққа шығарды.

Қордай орталық аудандық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Назгүл Тобышакованың айтуынша, әйел өзі туралы ештеңе есіне түсіре алмайды. Оның мекенжайын және туыстық байланыстарын анықтау да мүмкін болмады. Қазақстанның ақпараттық жүйелерінде де науқас туралы дерек жоқ.

«Осыған байланысты жеке басын анықтай алмай отырмыз. Қазір ол хирургия бөлімінде жатыр, ем қабылдап жатыр», — деді Тобышакова.

Сырт келбетіне қарағанда, әйел 60 жастар шамасында. Дәрігерлер оның диагнозын жарияламады, алайда үш жыл бойы оның жеке басын анықтауға және туыстарын табуға тырысқанын атап өтті.

Медиктер әйелді Тараз бен Алматыдағы бейімдеу орталықтарына жіберуге әрекеттенген, бірақ ол да сәтсіз аяқталды. Қазір науқас ауруханада жатыр.

Әйелдің жеке басын анықтаумен полиция айналысып жатыр. Алдын ала болжам бойынша, ол Қырғызстаннан шыққан болуы мүмкін, алайда бұл ақпарат әзірге расталмаған.