Жамбыл облысында 700 млн теңгеден астам қаражатты заңсыз айналдырды деген күдікке ілінген әйел ұсталды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, әйел бірнеше азаматты алдады деп күдіктелуде. Алғашқы арыз Шымкенттің 71 жастағы тұрғынынан түскен. Ер адам күдікті оған сенімге кіріп, бизнеске салынған инвестициядан жоғары табыс уәде етіп, 8 млн теңгесін иемденіп кеткенін айтқан.

Кейін Жуалы аудандық полиция бөліміне тағы бірнеше адам осындай арызбен жүгінген. Олардың сөзінше, әйел адамдарды ақша салуға көндіріп, қаражатын иемденіп отырған сол бір схеманы қолданған.

Сонымен қатар тергеу барысында басқа адамның атына жеке кәсіпкерлік тіркеліп, ол арқылы банк қосымшасын пайдаланып қаражатты заңсыз қолма-қол ақшаға айналдыру жүргізілгені анықталған. Операциялардың жалпы сомасы 715,9 млн теңгеден асқан.

Осы деректер бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабының 3 және 4-бөліктері бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.

Қазіргі таңда полицейлер күдіктінің әрекетінен зардап шеккен басқа да адамдарды анықтап жатыр. Әйел қамауға алынды.