2027 жылдан бастап Қазақстанда жұмыстан айырылу жағдайына байланысты әлеуметтік төлемнің мөлшері мен тағайындау тәртібі өзгереді. Бұл жаңалықтар келер жылдың 1 қаңтарынан күшіне енетін Әлеуметтік кодекске енгізілген түзетулерге байланысты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің түсіндіруінше, ведомство азаматтың жұмыстан айырылу бойынша төлем алуға дейін өтетін барлық кезеңін егжей-тегжейлі сипаттады.

Ең алдымен жұмыстан айырылған азаматтар жұмысқа орналасуға көмек алу үшін мансап орталығына жүгінуі керек. Биылғы 1 қазаннан бастап жұмыс іздеуші мәртебесінде болу мерзімі 2 күннен 13 күнге ұзартылды.

«Осы кезеңде мансап орталығының мамандары сіздің кәсіби тәжірибеңіз бен дағдыларыңызды жан-жақты зерттеп, лайықты бос орындарды іріктеу арқылы белсенді жұмыспен қамту шараларын жүргізеді, оның ішінде жұмыс берушілермен сұхбат ұйымдастырады», — деп атап өтті Еңбек министрлігінде.

Егер 13 күн ішінде лайықты жұмыс табылмаса, қазақстандықтарға ресми түрде жұмыссыз мәртебесі беріледі. Бұл ретте мансап орталығы лайықты бос орындарды іздеуді жалғастырады, қажет болған жағдайда азаматтарға кәсіби орталықтарда қысқа мерзімді оқудан өту ұсынылады.

Жұмыссыз мәртебесін алғаннан кейін әлеуметтік төлем тағайындауға өтінішті кез келген қолайлы тәсілмен онлайн беруге болады: eGov.kz порталы, Электрондық еңбек биржасы (Enbek.kz) немесе екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары арқылы. Сондай-ақ мансап орталығына немесе «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының бөлімшесіне жеке барып өтініш беруге де болады.

«Маңыздысы — мансап орталығы төлем алынғанына қарамастан, жұмыссызды жұмысқа орналастыру нұсқаларын үнемі іздейді», — деп қосты ведомство.

2027 жылдан бастап төлем белсенді жұмыс іздеу кезеңіне — әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне қарай үш айға дейін тағайындалады. Төлем мөлшері соңғы екі жылдағы орташа айлық табыстың 45 пайызын құрайды, бірақ 7 ең төменгі жалақыдан (ЕЖҚ) аспайды.

«2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекет басшысының жолдауы аясында ең төменгі жалақы 85 мыңнан 110 мың теңгеге дейін өседі. Онымен бірге әлеуметтік төлемнің ең жоғары мөлшері де автоматты түрде артып, айына 346,5 мың теңгеге жетеді», — деп нақтылады министрлікте.

Еңбек министрлігінде әлеуметтік төлем алу құқығына тек міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушылары ғана ие екенін еске салды.

Бұған дейін 1 қазаннан бастап «жұмыссыздық жәрдемақысын» үш ай бойы алуға болатыны, ал бұрын ол алты айға дейін төленетіні хабарланған. Сондай-ақ әлеуметтік төлем жұмыстан айырылу себебіне қарамастан әркімге тағайындалуы мүмкін екені атап өтілген.