Жамбыл облысында құқық қорғау органдары мал ұрлығына қатысы бар қылмыстық топты әшкереледі. Қылмыстық іс материалдары сотқа жіберілді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Қадағалау органының ресми сайты мәлімдегендей, Сарысу ауданында прокуратура мен полицияның бірлескен жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде ауыл шаруашылығы малдарын ұрлады деп күдіктелген үш адамнан тұратын топ анықталды.
«2025 жылғы 10 қазаннан 2026 жылғы 7 наурызға дейінгі аралықта аталған адамдар түнгі уақытта жайылымдардан мал айдап әкету жолымен жалпы құны 11,5 млн теңге болатын 23 бас малды ұрлағаны анықталды», — деді Жамбыл облысының прокуратурасы.
Қазіргі таңда жәбірленушілерге келтірілген шығын толығымен өтелді.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-1-бабы 3-бөлігінің 1-тармағы бойынша қылмыстық іс айыптау актісімен бірге мәні бойынша қарау үшін сотқа жіберілді.
Сонымен қатар сот 3 бас мал ұрлаған тағы бір адамға қатысты айыптау үкімін шығарды. Қылмыстың сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін ескере отырып, оған бас бостандығынан нақты айыру түріндегі жаза тағайындалды.
Жалпы биыл аудан аумағында мал ұрлығына қатысты 9 қылмыс тіркеліп, оның 7-сі ашылды — бұл 77,7%-ды құрайды.


