Қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы доминиканиялық Карлос Адаместің шақыртуына мысқылмен жауап беріп, Instagram парақшасында пікір жариялады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Бірнеше күн бұрын WBC нұсқасы бойынша әлем чемпионы Карлос Адамес X әлеуметтік желісінде Әлімханұлыға жолдау жариялап, қазақстандық спортшының аккаунтын белгілеген еді. «Ей, сен тазасың ба? Қазір жұдырықтасуға дайынсың ба? Кеттік!» — делінген Адаместің жазбасында.

Жауап та көп күттірмеді: Әлімханұлы жеке Instagram парақшасында доминиканиялықты stories арқылы келемеждеді.

«Кеше көңілім көтеріліп күлдім. Мына Адамес мені жекпе-жекке шақырыпты. Жақсы молда тауып, оған дұға оқытуға жіберу керек еді. Жігітті тіпті аяйсың! Шығуды ұсынсам — қашады. Ал қашқанда: кел, жұдырықтасайық, дейді. Мен оны түсінбедім. Күлкіден тіпті жауап та бере алмадым», — деп жазды Әлімханұлы.