Орта салмақтағы Дүниежүзілік бокс кеңесінің (WBC) қазіргі әлем чемпионы доминикандық Карлос Адамес қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлын допинг жанжалын еске салып, жекпе-жекке шақырды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
«Эй, Жәнібек, сен тазардың ба? Қазір төбелескің келе ме? Дайынсың ба? Кеттік, жасайық», — деп жазды Адамес X әлеуметтік желісінде қазақстандық спортшының парақшасын белгілеп.
Бұған дейін Карлос Адамес екінші орта салмаққа (76,2 кг-ға дейін) көтерілу ниетін мәлімдеген. Дәл осы салмақ дәрежесінде қазір Жәнібек Әлімханұлы өнер көрсетіп жүр. Ол Дүниежүзілік бокс ұйымының (WBO) рейтингінде бірінші орында тұр және британиялық Хамза Шираз онымен жекпе-жектен бас тартқан соң, бос чемпиондық белбеу үшін қарсыласының тағайындалуын күтуде.
Еске салайық, Жәнібек Әлімханұлына қатысты допинг жанжалы 2025 жылдың желтоқсанында болған еді. Кубалық Эрисланди Лараға қарсы үш белбеу үшін өтетін аса маңызды біріктіруші жекпе-жек қарсаңында оның допинг сынамасынан тыйым салынған мельдоний препараты табылды. Ақпанда WBO боксшыға қатысты тәртіптік шешім шығарды. Кейін ұйым Жәнібекті чемпиондық жоспарларында есепке алуды жалғастырып, тамызда оны екінші орта салмақтағы WBO белбеуіне міндетті үміткер етіп тағайындады.
Карлос Адамес әлеуетті жекпе-жек алдында Жәнібекті «тазалығы» туралы сұрақпен шымшып алуды ұйғарғанда, дәл осы оқиғаны есіне алды.


