Астананың «Жеңісі» Қазақстан премьер-лигасының қорытынды, 30-турында қызылордалық «Қайсарды» жеңді. Кездесу «Астана Арена» стадионында өтіп, алаң иелерінің 2:1 есебімен жеңісімен аяқталды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Астаналық команда есепті ойынның екінші минутында-ақ ашты. Бұрыштан берілген доптан кейін Зураб Тевзадзе көзге түсіп, «Жеңіске» жылдам гол сыйлады.
Көп ұзамай алаң иелерінің басымдығын еселеген Исламбек Қуат алыстан қатты тепкен допты қарсылас қақпасына дәл бағыттады.
Үзілістен кейін «Қайсар» айырмашылықты қысқарта алды. Қызылордалық команданың жалғыз голының авторы Алияр Мұхамед те алыстан тепкен доппен көзге түсті. Алайда қонақтар есепті теңестіре алмады.
Осылайша, «Жеңіс» маусымды 36 ұпаймен аяқтап, ҚПЛ-2026 қорытынды турнир кестесінде сегізінші орынға тұрақтады.
«Қайсар» болса 25 ұпай жинап, төменгі сатыға түсті. Қызылордалық клуб чемпионат қорытындысы бойынша Қазақстан премьер-лигасынан шығып қалды.


