Қазақстандық дзюдошы Абылайхан Жұбаназар Бакуде өтіп жатқан 2026 жылғы әлем чемпионатының финалына шыға алмады. 81 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі жартылай финалда ол 2025 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері, әзірбайжандық Зелим Цкаевқа есе жіберіп, енді үшінші орынды сарапқа салады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Цкаев екі рет ваза-ари бағасын алды, ал Жұбаназар нәтижелі әрекет жасай алмады.
Қазақстандық спортшы ересектер арасындағы әлем чемпионатында алғаш рет медаль алу мүмкіндігін сақтап қалды. Қола жүлде үшін оның қарсыласы тағы бір әзірбайжандық – Омар Раджабли болады. Ол жұбаныш раундында словениялық Наце Херковичті ұтты.
Жартылай финалға дейінгі жолда Жұбаназар австралиялық Кейсин Отиді, әзірбайжандық Вусал Галандарзадені және 2024 жылғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері кореялық Ли Джун Хванды жеңген болатын. Ағымдағы маусымда ол Лозаннадағы Grand Slam турнирінде жеңіске жетіп, Азия чемпионаты мен Париждегі Grand Slam турнирінің қола жүлдегері атанды.
Бұған дейін 81 келіге дейінгі салмақта Жалғас Қайролла 1/8 финалда сербиялық Михайло Симинге жол беріп, өнерін аяқтаған. Қазіргі таңда Қазақстанның қоржынында әлем чемпионатының бір медалі бар – Шерзод Давлатов 60 келіге дейінгі салмақта күміс жүлде алды.
Дзюдодан әлем чемпионаты Бакуде (Әзірбайжан) 4-11 қазан аралығында 93 елден келген 622 спортшының қатысуымен өтіп жатыр. Қазақстан құрамасының намысын 15 спортшы қорғауда.


