Соңғы мәліметтер бойынша, Қазақстанда 444,6 мың жұмыссыз азамат тіркелген. Бұл ретте үй шаруасындағы әйелдер мен студенттерді қосқанда 4,8 млн адам есепке кірмеген. Толық ақпаратты infohub.kz сайты хабарлайды.

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2026 жылдың екінші тоқсанында республикада 444,6 мың жұмыссыз болған. Жұмыссыздықтың жалпы деңгейі 4,5 пайызды құрады – бұл алдыңғы тоқсанмен бірдей.

Еске салайық, Қазақстанда жұмыссыздық Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) әдістемесі бойынша анықталады. Ол 15 жастан асқан, табыс әкелетін жұмысы жоқ, белсенді түрде жұмыс іздеп, жақын арада жұмысқа кірісуге дайын адамдардың жұмыс күші құрамындағы үлесі ретінде есептеледі.

Ел бойынша жұмыс күшіне кіретіндердің саны 9,8 млн адамнан асады. Оның ішінде 7,3 млн-ға жуығы жалдамалы жұмысшылар, ал 2,1 млн-нан астамы жеке кәсіпкерлер, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар және еңбек шартынсыз жұмыс істейтіндер.

Сонымен қатар, 15 жастан асқан 4,8 млн адам жұмыссыздық статистикасына енбеген. Бұл топқа зейнеткерлер, студенттер, үй шаруасындағы әйелдер және басқа да санаттағы тұрғындар кіреді.

Қазақстандағы ең жоғары жұмыссыздық деңгейі Маңғыстау облысында тіркелген – 5 пайыз. Одан кейін Атырау, Жамбыл және Павлодар облыстары – әрқайсысында 4,8 пайыз.

Астанада жұмыссыздық деңгейі 2026 жылдың екінші тоқсанында 4,2 пайызды, Алматыда – 4,4 пайызды, ал Шымкентте – 4,6 пайызды құрады. Ең төменгі көрсеткіш Қарағанды облысы мен Ұлытау облысында – 4 пайыздан.

Еске салайық, Қазақстанда жұмысынан айырылған азаматтар әлеуметтік төлемдер ала алады. Өтемақы алты ай бойы төленуі мүмкін, ал оны қалай рәсімдеу керектігі туралы осы жерден оқуға болады.

Бұған дейін Ауыл шаруашылығы министрлігі ерекше маңызды, шұғыл және күрделі жұмыстарды атқаратын қазақстандықтарға үстемеақы мөлшерін ұлғайтуды жоспарлап отырғаны хабарланған болатын.