Ақтауда биіктіктен құлап, ауыр жарақат алған электрмонтер жұмыс берушіден сот арқылы өтемақы өндіріп алды. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.
Маңғыстау облысы соттарының ресми Telegram-арнасында жазылғандай, Ақтау қаласының №2 соты қызметкердің акционерлік қоғамға қояр талабы — моральдық зиян мен жоғалған жалақыны өндіру туралы азаматтық істі қарады.
Сот анықтағандай, талап қоюшы 2021 жылғы 13 мамырдағы еңбек шарты негізінде АҚ-да электрбайланыстың желілік құрылыстарының 6-разрядты электрмонтері болып жұмыс істеген.
2021 жылғы 17 маусымда еңбек міндеттерін атқарып жүріп, ол биіктіктен құлап, ауыр дене жарақатын алды.
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Маңғыстау облысы бойынша мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті департаментінің арнайы тергеу нәтижелеріне сәйкес, бұл жазатайым оқиға өндіріспен байланысты деп танылды. Бұл ретте жұмыс берушінің кінәсі 100%, қызметкердің кінәсі 0% болды.
Сот талқылауы барысында талап қоюшы жауапкерден моральдық зиян өтемақысы ретінде 10 млн теңге, сондай-ақ еңбекке қабілеттілігінен айырылуына байланысты жоғалған жалақы ретінде 1 979 001 теңге өндіруді сұрады.
Сот талап қоюды ішінара қанағаттандыру туралы шешімге келді.
Талап қоюшының денсаулық жағдайы мен оған келтірілген моральдық зиянның сипатын ескере отырып, сот өз шешімімен АҚ-дан оның пайдасына 7 млн теңге өндірді, талаптың қалған бөлігі қанағаттандырылмады.
Сонымен қатар жауапкерден мемлекет кірісіне 2 162 теңге мөлшерінде мемлекеттік баж өндірілді. Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.


