Ақтөбе тұрғыны Гүлжанат Құлмырзина жекеменшік стоматологияда емделгеннен кейін аурухана төсегіне тап болғанын, енді ана атану мүмкіндігінен айырылуы мүмкін екенін айтып отыр. Оның айтуынша, 37 жастағы әйел экстракорпоралды ұрықтандыру (ЭКҰ) рәсіміне дайындалып, оның алдында тістерін емдетуді ұйғарған, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Науқастың өзі түсіндіргендей, тістерін емдеу және жұлу кезінде ол химиялық күйік алып, көпбейінді ауруханаға жатқызылған. Оның айтуынша, ол бірнеше тістен айырылып, жүйкелері зақымдалған, енді ана атану мүмкіндігінен айырылуы мүмкін. Қазір әйел бірқатар ота жасатуға дайындалып жүр.

Тексеру клиника жұмысында заңбұзушылықтарды анықтады. Ақтөбе облысы бойынша медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті департаменті бөлімінің жетекшісі Нұрлыгүл Бисенова былай деді: «Бұл жағдайда стоматологиялық көмекті кәсіби білімі бар – орта медициналық білімі бар маман көрсеткен. Біліктілігі – дантист. Ал стандарт бойынша екінші деңгейде жоғары медициналық білімі бар маман көрсетуі тиіс».

Комиссия дантистке айыппұл салып, клиникаға оны жұмыстан шеттету туралы нұсқама берді.

Зардап шеккен әйел талап арыз берген, алайда оның айтуынша, жауапкерлер жанжалды реттеуге тіпті тырыспай отыр. «Бүгін бізде татуласу рәсімі болды. Олар татуласуға келмеді, ешкім келгісі келмеді. Кешірім де сұрамады. Мен болашақта ЭКҰ арқылы жүкті болуды жоспарлаған едім. Енді ЭКҰ-ға бара алмаймын. Балалы бола алмаймын», – деді Гүлжанат Құлмырзина.