Ақтөбедегі 37 жастағы Гүлжанат Құлмырзина жекеменшік стоматологияда емделгеннен кейін бірнеше тісінен айырылып, жүйкелері зақымдалғанын және енді экстракорпоралды ұрықтандыру (ЭКО) рәсімін жасата алмайтынын мәлімдеді. Тексеру барысында клиника жұмысында заңбұзушылықтар анықталды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Әйелдің айтуынша, ЭКО рәсімінің алдында ол тістерін ретке келтіруді ұйғарған. Алайда емдеу және тіс жұлу кезінде науқас химиялық күйік алып, көпбейінді ауруханаға түскен.

Құлмырзина зардаптар әлі де сақталып отырғанын айтты: жүйкелері зақымдалған, бірнеше тісі жоқ, беті қисайған. Енді оған бірнеше ота жасауға тура келеді.

Науқас шағымданған соң клиникада тексеру жүргізілді. Емдеуді орта медициналық білімі бар дантист көрсеткені анықталды, алайда бұл деңгейде емдеу үшін жоғары медициналық білім қажет еді.

«Бұл жағдайда стоматологиялық көмекті кәсіби білімі – орта медициналық білімі бар маман көрсеткен. Біліктілігі – дантист. Ал стандарт бойынша екінші деңгейде жоғары медициналық білімі бар маман көрсетуі тиіс», – деді Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті облыстық департаменті бөлімінің жетекшісі Нұрлыгүл Бисенова.

Телеарна мәліметінше, дантист айыппұл төлеп, клиника оны жұмыстан шеттету туралы нұсқама алды.

Құлмырзина сондай-ақ талап арыз берген. Оның айтуынша, жауапкерлердің өкілдері татуласу рәсіміне келмеген және кешірім сұрамаған.

«Бүгін бізде татуласу рәсімі болды. Олар келмеді, ешкім келгісі келмеді. Кешірім де сұрамады. Мен болашақта ЭКО арқылы жүкті болуды жоспарлаған едім. Енді ЭКО-ға бара алмаймын. Балалы бола алмаймын», – деді Гүлжанат Құлмырзина.

Алайда сюжетте ЭКО жасатуға немесе балалы болуға мүмкіндік жоқтығын растайтын медициналық қорытынды келтірілмеген.