Алматы қаласының жол қозғалысын және жолаушылар көлігін ұйымдастыру басқармасы жолаушылар тасымалдау кәсіпорындары қауымдастығының субсидия қарызы туралы мәлімдемесіне түсініктеме берді. Қауымдастық автобустардың маршрутқа шығуы қысқаруы мүмкін деп мәлімдеген, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Хаттың мазмұны Threads әлеуметтік желісінде жарияланғаннан кейін белгілі болды. Онда 15 млрд теңге көлеміндегі сома туралы айтылады. «Алматы қаласының жолаушылар тасымалдау кәсіпорындары қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің хатында автобустардың қалалық маршруттарға шығуы қысқаруы мүмкін екені айтылған.

«Алматы қаласының автобус тасымалдаушылары қалалық маршруттарда әлеуметтік маңызы бар жолаушылар тасымалын жүзеге асырғаны үшін субсидия төлеудің жүйелі түрде кешігуіне байланысты қалыптасқан жағдайға алаңдаушылық білдіреді. Тасымалдаушылар шарттық міндеттемелерін тиісті деңгейде орындағанына қарамастан, субсидиялардың уақтылы аударылмауы автокөлік кәсіпорындарының қаржылық жағдайының айтарлықтай нашарлауына және қоғамдық көліктің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге қажетті отын, қосалқы бөлшектер, жинақтаушы бұйымдар мен басқа да материалдық-техникалық ресурстарды жеткізушілер алдында елеулі кредиторлық берешектің қалыптасуына әкелді», — делінген қауымдастық хабарламасында.

Ондағы мәліметке сәйкес, тасымалдаушылар күн сайын қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеп, жылжымалы құрамға техникалық қызмет көрсетіп, жөндеу жүргізеді және отын сатып алады. Сондықтан тасымалдаушылар берешек өтелмесе, маршруттардағы автобустар саны 30%-ға қысқаратынын мәлімдеді.

NUR.KZ тілшісі Алматы қаласының жол қозғалысын және жолаушылар көлігін ұйымдастыру басқармасына түсініктеме сұрап хабарласқан. Басқарма тасымалдаушыларға субсидияның қалған сомасын төлеуден бас тартпайтынын жеткізді.

«Бұл мәселе қалалық бюджетті кезекті түзету кезінде қаралатын болады. 2026 жылдың басынан бері бюджет қаражатын ұтымды пайдалану мақсатында субсидиялау көлемін кезең-кезеңімен оңтайландыру жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, жолаушылар ағынын ескере отырып, жекелеген автобус маршруттарының қозғалыс кестелеріне түзету енгізілді. Жыл бойы субсидиялау бойынша есеп айырысулар бұрын қолданыста болған және түзетілген қаржыландыру көлемдері ескеріле отырып жүргізілді», — деп түсіндірді басқармада.

Онда бұған қатар маршруттық желіге, автобустардың жүктемесіне және нақты жолаушылар ағынына талдау жүргізіліп жатқанын қосты. Сондай-ақ жол жүру ақысын төлеу деңгейін және жолаушыларды есепке алу дәлдігін арттыру үшін бірыңғай бақылау-желілік қызметті енгізу жұмыстары жүргізілуде.

«Сонымен қатар тасымалдаушыларға автобустарды бекітілген жоспарларға сәйкес маршруттарға толық шығаруды қамтамасыз ету қажеттігі туралы хабарламалар жіберілді. Қолданылып жатқан шаралар қоғамдық көліктің қолжетімділігі мен сапасын сақтай отырып, бюджет қаражатын тиімді пайдалануға бағытталған», — деп қорытындылады жол қозғалысын және жолаушылар көлігін ұйымдастыру басқармасында.