Алматының Жетісу ауданында қалалық базардың құрамына кіретін сауда орындарын қайта жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр. Бірқатар нысан жаңартудан өткен, қалғандары бойынша әзірге шешім қабылданған жоқ. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Жетісу ауданының әкімі Құрасбек Сәдібеков айтты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Құрасбек Сәдібековтің айтуынша, қазір аумағы шамамен 9 гектарды алып жатқан «Рахат» базарында қайта жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Сонымен қатар жанындағы 0,3 гектар жерде жаңа сквер салынып жатыр.
Базардағы жұмыстар туралы аудан әкімінің орынбасары Айдын Сапарбек те баяндады. Ол Жетісу ауданында 16 базар орналасқанын, оның 13-і Солтүстік шеңбер бойында екенін нақтылады. Бүгінде 11 базар жаңартудан өткен.
«Қазір «Новый Ялян» базарын жаңарту жұмыстары жүріп жатыр, келесі жылы Солтүстік шеңбер бойындағы «Барыс» және ескі «Ялян» базарларын жаңарту жоспарланып отыр. Базарлар әдеттегі режимде жұмысын жалғастырады, яғни олар бойынша әзірге шешім жоқ», — деп түсіндірді Айдын Сапарбек.
Бұған дейін Алматыдағы ірі «Жетісу-Семиречье» базары бұзылатыны хабарланған болатын. Сот шешімінен кейін бұзу жұмыстарын меншік иесі өзі бастаған.


