Алматы маңындағы далада 90 ит иесіз қалды. «Твардовский дом» деп аталатын жануарларды құтқару баспанасының негізін қалаушы Владимир Тепляков қайтыс болған, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Бұл туралы ерікті Арсен Кабденов айтты. Оның сөзінше, Владимир Тепляков осы иттерге көп жылдарын арнаған, енді иесінен айырылған 90 жануар жаңа үй күтіп отыр.

Кабденов өз жазбасында «Твардовский домның» негізін қалаушымен бірнеше күн бұрын баспанаға жем апарған кезде танысқанын жазды. Владимир Тепляков еріктіге бұл орынның тарихын айтып берді: баспана 2015 жылы құрылып, қайтыс болған ұлының құрметіне аталған.

«Осы жылдары олар бірнеше рет көшуге мәжбүр болды, сансыз қиындыққа тап болып, әр жолы бәрін нөлден бастауға тура келді. Қазір иттер далада, қалыпты қоршаусыз, қажетті жағдайсыз отыр. Мен көмектескім келді, бірақ далада үлкен қоршау мен вольер салу қазір қаржы жағынан ауыр. Сондықтан мен Владимирге иттерге жаңа отбасы табуды ұсындым. Ол ойланамын деп, кешке қоңырау шалып: «Келісемін» деді. Мен бұл процесті қалай ұйымдастыруды ойлай бастадым», — деп бөлісті Арсен Кабденов.

Кеше, 7 қазанда, ол қорқынышты хабарды естіді — Владимир Тепляков белгісіз жағдайда қайтыс болды. Ерікті Владимирдің туған-туыстарына көңіл айтып, енді оның иттеріне көмектесу керектігін атап өтті.

«Қазір далада 90-ға жуық ит бар. Суық түседі, ал осының бәрін сан жыл бойы арқалаған адам жоқ. Мен Владимирмен келіскен істі істеп көруге тырысамын — осы иттерді үйлерге тарату», — деді Кабденов.