Алматыда көлік су құбыры желілерін реконструкциялау жұмыстарынан қалған траншеяға құлап кетті. Куәгерлердің айтуынша, бұл жерге жақында ғана жаңа асфальт төселген, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Оқиғаның бейнежазбасы Threads әлеуметтік желісінде жарияланды. Роликке қалдырылған пікірлерде оқиға Әуезов ауданының №1 шағын ауданында болғаны нақтыланады.
«Жақында ғана жаңа асфальт төселген еді. Жаңа асфальттың астындағы жер шайылып кетіп, көлік асфальтты тесіп өтіп құлаған сияқты», — делінген видеоның сипаттамасында.
Кадрлардан көліктің шынымен де траншеяның ішінде тұрғанын көруге болады.
«Алматы Су» компаниясы жағдайға түсініктеме беріп, көрсетілген мекенжайда «АСМ Constraction» ЖШС мердігері су құбыры желілерін реконструкциялау жұмыстарын жүргізіп жатқанын түсіндірді.
«Қолданыстағы желілер 1960-1970 жылдары пайдалануға берілген және тозу деңгейі жоғары. Реконструкция тозған учаскелерді ауыстырып, сумен жабдықтауды сенімді әрі үздіксіз қамтамасыз етуге бағытталған. Болған оқиғаға байланысты көлік траншеядан шығарылды. Мердігер ұйымның өкілдері өтініш берушімен хабарласып, тараптар келтірілген материалдық шығынды өтеу туралы келісімге келді», — деп хабарлады «Алматы Су».
Сонымен қатар қазір траншеяны қалпына келтіріп, учаскені тиісті жағдайға келтіру жұмыстары жүргізілуде. Анықталған барлық кемшіліктер қысқа мерзімде жойылады, деп уәде етті әкімдікте.
«Жағдай бақылауда, мердігер ұйымға болашақта осындай жағдайларға жол бермеу үшін қажетті шаралар қолдану тапсырылды», — деп қорытындылады компанияда.


