20–22 қараша аралығында Алматы полициясы қызметті күшейтілген режимде атқарып жатыр: жол қозғалысы ережелерінің сақталуы ерекше бақылауға алынды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Алматы полиция департаментінің түсіндіруінше, бұл күндері қалада «Құқықтық тәртіп» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр.
«Іс-шара аясында полиция профилактикалық және жедел жұмысты күшейтті. Басты назар құқық бұзушылықтарды анықтап, жолын кесуге, қылмыстардың алдын алуға және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге аударылып отыр», — делінген ведомство хабарламасында.
Жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзушылықтар, оның ішінде көлікті мас күйінде басқарған жүргізушілер ерекше бақылауға алынады. Сонымен қатар полиция жылдамдықты асыруға және жолдардағы басқа да қауіпті әрекеттерге бақылауды күшейтеді.
«Біздің міндетіміз — бұзушылықтарды жай ғана анықтау емес, ең алдымен олардың алдын алу, туындаған қауіп-қатерлерге уақтылы ден қою және Алматының әрбір тұрғыны мен қонағы үшін қауіпсіз орта қалыптастыру. Жол қауіпсіздігіне және трагедияға әкелуі мүмкін әрекеттердің жолын кесуге ерекше көңіл бөлеміз», — деп атап өтті Алматы ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Әбдінұр Тасыбаев.


