Алматыда Зенков пен Жібек жолы көшелерінің қиылысында, Жасыл базар маңында «Рахат» кондитерлік фабрикасының тарихына арналған тақырыптық арт-нысан пайда болды. Композиция жаңартылып жатқан қоғамдық кеңістіктің бір бөлігіне және қалыптасып келе жатқан гастрономиялық көшенің элементіне айналады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
«Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының мәліметінше, арт-нысан үлкейтілген шоколад плиткалары мен кәмпиттер түрінде жасалған. Көркем композиция «Рахат» фабрикасының тарихы мен танымал өнімдерін бейнелейді. Фабрика көп жылдан бері қаланың гастрономиялық мұрасының бір бөлігі болып келеді.
Нысан «Рахат» кондитерлік фабрикасының қарсы бетінде, Жасыл базардың туристік маршруттарының бірінің жанында орналасқан. Ол қалалық ортаны толықтырып, жаңа фотозонаға және алматылықтар мен қала қонақтарын тартатын орынға айналады.
Арт-нысан демеушілердің қатысуымен, мемлекеттік бюджет қаражатын тартпай жүзеге асырылды.
Жұмыстар қала әкімінің хаттамалық тапсырмасы бойынша іске асырылып жатқан Алматының гастрономиялық көшелерін дамыту жобасы аясында жүргізілуде. Жобаның тұжырымдамасын қалалық құрылымдар мен ведомстволық ұйымдар әзірледі, оны іске асыруды «Алматы» ӘКК үйлестіреді.
Қазіргі таңда Жасыл базар маңында абаттандыру және гастрономиялық көшелерді дамыту жұмыстары жалғасып жатыр, оның ішінде қоғамдық кеңістіктер мен жаяу жүргіншілер инфрақұрылымы жаңартылуда. Негізгі жөндеу-абаттандыру жұмыстары 2026 жылдың желтоқсан айының ортасында аяқталады деп жоспарлануда.
Еске салайық, гастрономиялық көшелер жобасының алғашқы нысаны Масанчи көшесі болды. Абай даңғылы мен Сәтбаев көшесі аралығындағы ұзындығы 413 метр учаске қала күніне орай ашылған болатын.


