Алматыда 15 жастағы қызына қатысты жыныстық сипаттағы әрекеттер туралы анасының арызынан кейін қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.
Алматы полиция департаменті Instagram-дағы парақшасында мәлім еткендей, құқық қорғау органдарына кәмелетке толмаған қыздың анасы жүгінген. Жасөспірімнің айтуынша, таксимен жүрген кезде жүргізуші оған қаламаған жанасу әрекеттерін жасаған, ал барар жеріне жеткенде оны көлік салонында ұстап қалып, сүюге тырысқан.
Полиция күдіктінің анықталғанын және оның уақытша ұстау изоляторына қамалғанын хабарлады.
«Кәмелетке толмағандарға қатысты ықтимал құқыққа қарсы әрекеттер туралы кез келген хабарлама полицияның ерекше бақылауында. Осы дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу дереу басталды. Қазіргі таңда болған жайды жан-жақты әрі объективті анықтауға бағытталған қажетті тергеу шаралары жүргізілуде. Балалардың қауіпсіздігі мен олардың құқықтарын қорғау біздің жұмысымыздың сөзсіз басымдығы болып қала береді», — деді Алмалы ауданы полиция басқармасының бастығы Мақсат Пшан.


