Алматыда «Три богатыря» тұрғын үй кешеніндегі үйлердің құлау қаупі туралы тұрғындардың шағымынан кейін жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, оның қорытындысы бойынша тұрғын емес үй-жай иесіне реконструкцияны тоқтата тұру және бұзушылықтарды жою міндеттелді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

NUR.KZ мегаполис әкімдігіне сілтеме жасап хабарлағандай, Алматының қала құрылысын бақылау басқармасы Достық даңғылы, 44 мекенжайындағы үйдің №142 тұрғын емес үй-жайын тексерді. Ондағы жұмыстар қажетті рұқсат және жобалық құжаттамасыз басталған.

«Тексеру барысында «Жаса Девелопмент» ЖШС үй-жайды қажетті рұқсат және жобалық құжаттамасыз реконструкциялауды бастағаны анықталды. Басқарма әкімшілік шаралар қолданды. Үй-жай иесіне бұзушылықтарды жою, нысанға техникалық тексеру жүргізу және белгіленген талаптар орындалғанға дейін құрылыс-монтаж жұмыстарын тоқтата тұру туралы нұсқама берілді», — делінген хабарламада.

Сонымен қатар тексеру барысында жүргізілген жұмыстар кезінде ғимараттың көтергіш құрылымдарына зақым келмегені, олардың бүтіндігі бұзылмағаны анықталды. Үй тұрғындары нысанға шақырылып, Басқарма қызметкерлері оларға тексеру нәтижелерін түсіндірді.

«Басқарма қызметкерлері үй тұрғындарын шақырып, сол жерде хабарлады. Айта кету керек, үй-жай иесі нұсқама талаптарын орындап, қажетті құжаттаманы рәсімдегеннен кейін ғана жұмысты қайта бастай алады», — деп қосты әкімдікте.

Бұған дейін біз Алматы орталығындағы танымал «Три богатыря» тұрғын үй кешенінің тұрғындары жертөледегі құрылыс жұмыстарынан үйлердің құлауынан қорқатынын мәлімдегенін жазған болатынбыз.