Алматының Бостандық ауданында жарық тіреуіштері жыл ішінде екінші рет ауыстырылып жатыр. Бұған жергілікті тұрғын назар аударды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Қала тұрғыны әкімдікке жолдаған өтінішін Threads парақшасында жариялады. artemitv деген никпен жазған қолданушы көше жарығын екі ай сайын жаңартудың қаншалықты орынды екенін сұрады. Оның айтуынша, жыл басында орнатылған қара шамдар екі айға да шыдамай, қазір алынып жатыр.
Жарияланымға Алматы қаласының қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасы жауап берді. Онда Жароков көшесіндегі — Әл-Фараби даңғылынан Төле би көшесіне дейінгі учаскеде — сыртқы жарық тіреуіштерін бұзудың мән-жайы түсіндірілді.
Ведомствоның мәлімдеуінше, жоба жаяу жүргіншілер аймағын абаттандыруды, тротуар жабынын жаңартуды, көгалдандыруды дамытуды, сыртқы жарық жүйесін жаңғыртуды және қалалық инфрақұрылым элементтерін жайластыруды көздейді. Сонымен қатар тозуға төзімділігі жоғары әрі жарық техникалық сипаттары жақсартылған жаңа заманауи сыртқы жарық тіреуіштерін орнату жоспарлануда.
«Орнатылып жатқан шамдар аумақты жылы түсті температурамен сапалырақ жарықтандырып, жайлы қалалық орта қалыптастыруға ықпал етеді. Сыртқы жарық жүйесін жаңарту жұмыстары Жароков көшесінің бойында — Әл-Фараби даңғылынан Төле би көшесіне дейін — жекелеген учаскелерде емес, кешенді түрде жүргізілуде. Бұл тәсіл жарықтандырудың бірыңғай стандартын қамтамасыз етуге және көшенің тұтас сәулеттік келбетін қалыптастыруға бағытталған», — делінген басқарма жауабында.
Сонымен қатар басқарма бұзылған сыртқы жарық тіреуіштері кәдеге жаратылмайтынын, олар қала аумағының басқа учаскелерінде әрі қарай қайта пайдалану үшін Бостандық ауданы әкімінің аппаратына қайтарылатынын атап өтті.


