Алматыда 9 қазаннан бастап тұрғын үйлерді орталық жылуға қосу басталады. Ауа температурасының күрт төмендеуіне байланысты жылу маусымы әдеттегі мерзімнен ерте басталмақ. Бұл шешімді қала әкімі Дархан Сатыбалды қабылдады, деп хабарлады мегаполис энергетика және сумен жабдықтау басқармасы, деп жазады infohub.kz.

Алғашқы болып әлеуметтік нысандар — балабақшалар, мектептер мен медициналық мекемелер жылу алады. Содан кейін тұрғын үйлерге де жылу беріле бастайды.

Жылу берілгеннен кейін КСК және ҮСИ мамандары үй ішіндегі жүйелерді реттейді: радиаторлар мен тұрықтардан ауа шығарады, қысымды реттеп, пәтерлердің біркелкі жылынуын қамтамасыз етеді.

«Алматы жылу желілері» ЖШС қысқы кезеңге дайындықты толық аяқтады. Ықтимал ақауларға жедел әрекет ету үшін материалдар мен жабдықтардың апаттық қоры жасақталды. 2026–2027 жылдардағы жылу маусымында 16 апаттық және жөндеу бригадасы, 220 маман және 56 техника бірлігі кезекшілік етеді.

Еске салайық, Астанада 2026–2027 жылдардағы жылу маусымы 2 қазанда ресми түрде басталды. Тиісті қаулыға елорда әкімі Жеңіс Қасымбек қол қойды. Жылу маусымы басталмас бұрын «Астана-Жылутранзит» АҚ мамандары жылу желілеріне гидравликалық сынақ жүргізіп, анықталған ақауларды жойды.

Бұған дейін «Курсив» Қазақстанда 11 облыста жылу маусымы басталғанын жазған болатын. Алайда Семейде жабдық жеткізу кешігуіне байланысты жылу пункттерін жөндеу ұзаққа созылып, үйлерге жылу беру тек 5 қазанда басталды. Осыған байланысты Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектеновтің тапсырмасымен Абай облысының жетекші әкім орынбасары тәртіптік жауапкершілікке тартылады.