Алматы тұрғындары пәтер жөндеу үшін компанияға шамамен 130 млн теңге төлегенін, алайда жұмыстар аяқталмағанын мәлімдеді. Тапсырыс берушілердің айтуынша, құрылысшылар байланысқа шығуды доғарып, аяқталмаған жұмыс пен бүлінген коммуникацияларды қалдырып кеткен, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Тапсырыс берушілердің бірі Ислам Ордабаев бір жыл бұрын қарапайым жөндеудегі пәтер сатып алған. Мердігерді интернеттен тауып, жөндеуге шамамен 7 млн теңге төлеген. Ер адам әлі күнге дейін баспанаға кіре алмай жүр.
Оның айтуынша, жұмысшылар есіктерді орнатпаған, төбе, сантехника және электр жұмыстарын аяқтамаған. Орындалған жұмыстардың сапасына да наразылық туындаған.
«Ламинат төселді. Оны дұрыс төселмеді, арасына картон салып қойды. Сондай-ақ жылыту құбырларын орнатты, кейін ол құбырлар жарылып кетті», — деді Ислам Ордабаев.
Ер адамның айтуынша, жұмысшылар мен компания басшылығы із-түзсіз жоғалған. Тағы 20 алматылық бірнеше айдан бері олармен байланыса алмай жүр. Сонымен қатар, арызданушылардың сөзінше, фирма әлеуметтік желілерде басқа атаумен қызметін жарнамалап, Қазақстанның басқа қалаларында тапсырыс қабылдауды жалғастырып отыр.
Клиенттер полицияға жүгініп, объективті тергеу жүргізуді талап етуде.
«Істі тоқтатып, қайтадан қалпына келтіреді. Міне, біз жиналып, объективті тергеу жүргізуді, сұрақтарымызға жауап беруді талап етеміз», — деді Жанна Ильясова.
Алматы полиция департаменті қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Тергеуді Алмалы ауданының полиция басқармасы жүргізіп, арызданушылардан жауап алуда.
«Осы факті бойынша Алмалы ауданының полиция басқармасы тергеу жүргізуде. Қылмыстық-процестік заңнамада көзделген барлық процестік әрекеттер жүргізіледі», — деді Алматы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Телеарнаның мәліметінше, көптеген тапсырыс берушілер жөндеуге несие алған. Енді олар пәтерлердегі жұмыс аяқталмаса да, қарыздарын төлеуді жалғастырып отыр.


