«Астана» халықаралық қаржы орталығында (МФЦА) жарғылық капиталы 37,5 млн доллар болатын Carna KZ Limited компаниясы тіркелді. Оны жасанды интеллект көмегімен созылмалы ауруларды ерте анықтайтын стартаптың негізін қалаған американдық дәрігер әрі кәсіпкер Сальваторе Дж. Вискоми құрды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Жаңа құрылым ЖИ технологияларын қолданып, бүйректің созылмалы аурулары мен зат алмасу бұзылыстары бар науқастарға қолдау көрсетуге маманданған.
Компанияның бас директоры болып қаржы саласының сарапшысы, Qazaqstan Investment Corporation директорлар кеңесінің мүшесі әрі Қазақстанның Даму банкі директорлар кеңесінің бұрынғы мүшесі Марсия-Элизабет Кристиан Фавале тағайындалды.
Компанияның 37,5 млн долларлық капиталы әрқайсысы 1,17 доллардан тұратын 20,8 млн жай акцияға және әрқайсысы 2,4 доллардан тұратын 5,5 млн артықшылықты акцияға бөлінген.
Компания иесі — американдық дәрігер әрі кәсіпкер, Harvard Medical School түлегі және бұрынғы қызметкері Сальваторе Джованни Вискоми. Ол сондай-ақ созылмалы ауруларды ерте анықтауға арналған ЖИ негізіндегі платформа әзірлейтін Carna Health стартапының тең құрылтайшысы әрі жетекшісі.
Бастапқыда жоба бүйректің созылмалы ауруына — ұзақ уақыт бойы байқалатын белгілерсіз дамитын дертке бағытталған еді. Бүгінде платформа жүрек-қан тамырлары, бүйрек және зат алмасу бұзылыстарын қамтитын кардиоренометаболикалық ауруларды қамтиды. Ол жедел диагностикаға арналған портативті құрылғыларды және тексеру нәтижелері мен медициналық деректер негізінде тәуекелдерді бағалайтын ЖИ алгоритмдерін пайдаланады.
Әзірлеушілердің дерегінше, жүйені қолдану медицина қызметкерлеріне түсетін жүктемені шамамен 30%-ға азайтып, бүректің созылмалы ауруларын емдеу шығындарын қысқартуға мүмкіндік береді.
2026 жылдың шілдесінде Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі Carna Health-пен меморандумға қол қойды. Құжат алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарында пилоттық жобаларды іске асыруды, созылмалы аурулары бар науқастарды есепке алуды цифрландыруды, сондай-ақ медицина қызметкерлерінің, оның ішінде ауылдық жерлердегілердің цифрлық құзыреттерін дамытуды көздейді.
Бұған дейін жүк тасымалына маманданған БАӘ-нің SolitAir әуе компаниясы МФЦА-да қазақстандық құрылым тіркегені хабарланған еді. Компания Қазақстан арқылы әуемен жүк жеткізу бизнесін дамытуды жоспарлап отырған болуы мүмкін.


