Ақтауда құқық қорғау органдарының қызметкерлері қалада уақытша тұрып жатқан 39 жастағы Ресей Федерациясының тумасын ұстап, ірі көлемдегі есірткі тәркіледі, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Маңғыстау облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, 2026 жылғы 19 қарашада ведомствоның ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жедел әрекет ету жасағының әріптестерімен бірлесіп, жедел-іздестіру іс-шаралары барысында есірткі құралдарының заңсыз айналымын тоқтатты.
Автомобильді, Приморский тұрғын алабындағы база аумағын және жалдамалы пәтерді тінту кезінде өсімдік тектес зат — марихуана салынған 327 целлофан пакет пен 4 қап табылып, тәркіленді. Тәркіленген заттың жалпы салмағы 130 килограмм болды.
Осы факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-бабымен қылмыстық іс қозғалды.
Сонымен қатар медициналық куәландыру қорытындысы бойынша күдіктінің есірткілік мас күйде болғаны анықталып, ол Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 440-1-бабымен әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде.


