Әлеуметтік желілерде Астанадағы №99 мектептің гардеробында болған кезек туралы оқушылардың жазбалары мен бейнежазбалары тарады. Astanovka98 мәліметінше, балалар жарақат алғанын, кейбір оқушылардың тұншығып, есінен танып құлағанын айтқан, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Оқиғаға білім басқармасы жедел ден қойды. Ведомствоның түсіндіруінше, екінші ауысымның сабақ кестесіндегі ақауға байланысты жеті сыныптың оқушылары сабақ біткен соң бір мезгілде гардеробқа ағылған. Соның салдарынан сырт киім ілетін жерде балалардың уақытша жиналып қалуы орын алған.

«Бейнебақылау камераларының жазбаларын зерделеу нәтижесінде оқушының есінен танып құлағаны туралы ақпарат расталмады», — деп атап өтті ведомствода.

Білім ордасында гардероб маңында қызметкерлердің кезекшілігі күшейтіліп, оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қосымша шаралар қабылданды.

«Оқиғаға байланысты гардеробшы жұмыстан шығарылды. Мектеп директоры қызметінен босатылды», — деді баспасөз қызметі.

Айта кетейік, 2026 жылдың қыркүйек айының басында әлеуметтік желілерде Шымкенттегі №80 IT мектеп-лицейінде оқушылардың кіруі мен шығуын ұйымдастыруға қатысты ата-аналардың шағымы пайда болған. Ата-аналардың айтуынша, мектепте бір ғана кіреберіс есік бар, ол оқушылар легін көтере алмайды.