Астанада Феликс есімді қызметтік неміс овчаркасы ата-анасымен ұрысып, кешке үйден кетіп қалған 11 жасар баланы табуға көмектесті. Баланың жоғалғаны туралы полицияға оның заңды өкілі хабарлаған, деп жазады infohub.kz сайты.

Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, 11 жасар баланың жоғалғаны туралы хабар 102 арнасына түскен. Бала туыстарымен ұрысып, кешке үйден шығып кеткені анықталды.

«Шақыруға полиция қызметкерлері дереу келді. Іздеу шараларына Астана қаласы полиция департаменті кинологиялық қызмет орталығының мамандары қосылды. Іздеуге кинолог Аслан Елтайдың басшылығымен қызметтік ит Феликс қатысты. Төрт аяқты серіктің кәсіби дағдыларының арқасында бала тұрғын үйдің жертөлесінен табылды», — делінген полиция хабарламасында.

Ішкі істер министрлігінде Феликстің жасы жетіде екенін нақтылады. Бұл — толық қызметтік атауы «Созвездие столицы Феликс» болатын неміс овчаркасы.

«Ол иіс ізімен адамдарды іздеуге маманданған: иттің нәзік иіс сезу қабілетінің арқасында ізді тауып, өңдеп, іздестіріліп жатқан адамның орналасқан жерін анықтауға көмектеседі. Жыл басынан бері Феликстің қатысуымен 18 іздеу дерегі өңделді. Оның дағдылары хабар-ошарсыз кеткен азаматтарды іздеуде ғана емес, түрлі құқық бұзушылықтарды ашуда да қолданылады», — деп хабарлады полицияда.