Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақов су шаруашылығын басқаруға маманданған халықаралық Aqualia компаниясының өкілдерімен кездесті. Келіссөзге облыс әкімінің орынбасары, Атырау қаласының әкімі, сондай-ақ компания делегациясы қатысты: GGU Group және GWP (Tbilisi Waters) компанияларының Кавказ және Орталық Азия бойынша бас директоры Хосе Мигель Гонсалес, бизнесті дамыту жөніндегі директоры Ираклий Бабухадия және өндіріс жөніндегі директоры Виктор Гутьеррес, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Атырау облысы әкімдігінің мәліметінше, Болат Ақшолақов делегацияға Атыраудың су бұру жүйесін дамытудың алдын ала тұжырымдамасын таныстырды. Онда қаланың жер бедері ерекшеліктері мен жер асты суларының жоғары деңгейі ескеріле отырып, кәріз инфрақұрылымын кезең-кезеңімен дамыту қарастырылған.

Тараптар қолданыстағы ағынды суларды тазарту нысандарының техникалық жай-күйін де талқылады. Осыған байланысты Aqualia сарапшыларын тарта отырып, техникалық аудит жүргізу мүмкіндігі қарастырылуда.

Сонымен қатар су ресурстарын басқаруға кешенді көзқарас қажеттігі атап өтілді — ауыз су сапасын қамтамасыз ету мен ағынды суларды тазартудан бастап, шығынды азайтуға және тазартылған суды техникалық қажеттілікке қайта пайдалануға дейін. Бұл техникалық суға сұранысы жоғары өнеркәсіптік өңір ретінде Атырау үшін әсіресе өзекті.

Aqualia өкілдері компанияның 19 елдегі жұмысы туралы әңгімеледі — онда ол 45 млн-ға жуық адамға қызмет көрсетеді — сондай-ақ Тбилиси мен Руставидің су шаруашылығын басқару тәжірибесімен бөлісті. Олардың дерегінше, Грузиядағы 4 жылдық жұмыс барысында энергия тұтынуды 30%-ға азайтып, су шығынын қысқартуға қол жеткізілген.

Тараптар ынтымақтастықтың ықтимал форматтарын, оның ішінде техникалық көмек, аудит және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асырудың түрлі модельдерін талқылады.

«Сумен жабдықтау мен су бұру — біртұтас цикл, оған жүйелі түрде келу керек. Жобаларды жүзеге асыру кезінде тек ағымдағы міндеттерді шешіп қана қоймай, сапа мен сенімділікті ұзақ мерзімге негіздеу маңызды», — деп атап өтті Болат Ақшолақов.

Қараша айында Aqualia Атырауға нысандарды тексеру және су құбырының жұмысын зерделеу үшін сарапшылар тобын жіберуді жоспарлап отыр. Мамандар сумен жабдықтау және су бұру жүйесінің техникалық, коммерциялық және қаржылық жай-күйін бағаламақ. Осы жұмыстың қорытындысы бойынша компания жыл соңына дейін одан әрі ынтымақтастық жөнінде нақты ұсыныстар дайындауды көздеп отыр.