Атырауда таңғы сағат төрт жарымда Береке шағын ауданындағы Сарыарқа көшесінде бір топ жас жігіт шуламауын сұраған жергілікті тұрғынды ұрып-соқты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Іс материалдарына сүйенсек, алдымен шулаған топқа жәбірленушінің әйелі ескерту жасаған. Жігіттер оған құлақ аспай, арсыздана берген.

Ер адам өзі барып сөйлескенде, біреуі оның бетінен жұдырықпен ұрды. Ол құлаған соң үшеуі қол-аяғымен тепкілей бастады, тағы біреуі күректің сабымен соқты.

Төбелес жүріп жатқан жерді бейтаныс адам телефонға түсіре бастағанда барып тоқтады. Ұрып-соғылған ер адам әрең тұрып, үйіне қарай жүгірді. Бірақ жігіттер онымен де тынбады: қашқан адамның соңынан лақтырылған тас терезені сындырды.

Төртеуі де сотта кінәсін мойындап, келтірілген шығынды өтеп, кешірім сұрады. Жуырда Атырау қаласының №2 соты жас жігіттерді топ болып бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, әрқайсысына үш жылдан бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Үкім шыққанға дейін олар қамауда болды, содан кейін сот залында босатылды.